Дархан Сатыбалды Медеу ауданындағы құрылыс жұмыстарына бақылауды күшейтуді талап етті

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Медеу ауданындағы инфрақұрылымдық жобаларды тексерді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Шаһарда жүзеге асып жатқан барлық жоба бақылауда. Бастысы, олар - қала тұрғындарына жайлы орта құру үшін сапалы орындалуы тиіс». Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Медеу ауданына жасаған жұмыс сапары барысында осылай деді. Қала басшысы бірқатар инфрақұрылымдық жобалардың іске асу барысын бақылап, қауіпсіздік пен абаттандыру жұмыстарына назар аударды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапарын Каменское плато шағынауданынан бастады. Мұнда «Балқаш» су резервуарынан Мұзтау шағынауданына дейін су тарату желілерінің құрылысы жүріп жатыр. Жоба 7 мыңнан астам тұрғынды тіршілік нәрімен қамтамасыз етуді көздейді. Шаһар басшысы жұмысты мерзімінде аяқтап, сапалы орындалуын қадағалауды тапсырды.

 «Мұнда 6 мың текше метрге дейін су жиналады. Бұл заманауи сорғы стансасы арқылы ол үш бағытқа таратылады. Енді Медеу ауданы тұрғындары ауызсу тапшылығын сезінбейді деп сенеміз», – деді мердігер ұйымның директоры Сергей Ковалёв.

Сонымен қатар қала басшысы Тау-Самал шағынауданында болған көшкін салдарын жою жұмыстарымен танысты. Мұнда тірек қабырғалар орнатылып, қауіпті беткейлер арнайы тормен қоршалған. Жауаптылардың айтуынша, жағдай тұрақты.

«Былтырдан бері учаскеге жергілікті бюджеттен тиісті қаражат бөлініп, тірек қабырғалар орнатылып, қауіпті тау беткейі сеткамен тартылды. Қауіп сейілді. 2024 жылы Алматы қаласының аумағында 14 қауіпі бар учаске анықталған. Бүгінгі күнде барлық учаскеде тірек қабырғалар орнатылып, халықтың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді», – деді ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Алмас Құрманов.

Әкімнің жұмыс сапары барысында «Тереңқұр-2» саябағын жаңғырту жобасымен де танысты. Оның шеңберінде аудандағы екі серуен аймағы өзгеше кейіпке енеді. Сондай-ақ  қала басшысы Әл-Фараби даңғылы бойындағы көпқабатты үйлерге архитектуралық жарық орнату ісін көрді.

Айта кетейінк, биыл Медеу ауданындағы 61 тұрғын үйге жөндеу жүргізіп, жарықтандыру жоспарланған. Қазір 15 үй бойынша келісім- жасалған.

«Алдағы үш айда Меңдіқұлов пен Әл-Фараби көшелері бойындағы 11 үйге жөндеу жүргізіліп, 15 үйге декоративтік жарық орнатылады. Бұл тек эстетикалық шешім емес, қауіпсіздікке де оң әсер етеді. Аула мен көшелер толық қамтылады», – деді мердігер ұйымның директоры Олжас Әлімжанов.

Дархан Сатыбалдының жұмыс сапарының соңғы нүктесі – Достық даңғылы мен Пушкин көшесі. Бұл аумақта да абаттандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мақсат – көшелерді тұрғындар үшін қолайлы әрі қолжетімді ету. Ал сапар қорытындысында қала басшысы аудан әкімі мен жауапты басқармаларға тұрғындармен тұрақты байланыс орнатып, жобалардың орындалу барысы туралы уақытылы ақпарат беруді тапсырды.

Мәди Мәлік. Ялкунжан Әшімжанұлы

Оқи отырыңыз: ШОБ: Алматыда 440 жоба іске қосылды

 

Новости партнеров