Үлескерлердің құқығын бұзған құрылыс компаниясына айыппұл салынады

Құжат құрылыс салушылар тарапынан жасалатын алаяқтық пен жосықсыз әрекеттердің санын азайтуды көздейді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде үлескерлер құқығын бұзған құрылыс салушылар 8 миллион теңгеге жуық айыппұл арқалауы мүмкін. Сенат депутаттары компанияларға қойылатын талапты күшейту мақсатында тиісті заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сенаторлар «қайтсем де баспаналы боламын» деп, тапқан таянғанын құрылыс компанияларына құятын қарашаның құқығын қорғауға бел шеше кірісіпті. Енді қабырғасы қаланбаған, іргетасы құйылмаған тұрғын үйлерге үлескерлерді заңсыз тартуға тыйым салынады. Яғни құрылыс салушылар жеке тұлғалармен келісімшарт жасай алмайды. Сондай-ақ құжат құрылысты заңсыз жарнамалауды тоқтатады.

«Келісім болғанымен, құжаттары тексерілмейді. Тұрғын үйдің құрылысы басталады да, уақыт өте келе тоқтап қалады. Екі арада салымшылар алданып қалып жатады. Енді тыйым салынады», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сүйіндік Алдашев.

Десе де үлестік құрылысқа қатысқысы келетін азаматтардың құқығы шектелмейді. Ол үшін «Qazreestr» ақпараттық жүйесінде тіркеліп, заңды жұмыс істеп жатқан компаниямен келісімшарт жасай алады. Аталған деректер базасында қаржы құйғандардың әрбір тиыны бақылауда болады. Бүгінде ел бойынша 99 үй үлескерлердің қаражатына заңсыз салынса, тағы 42 проблемалық баспана бар. Сенаторлардың мұндай шешім қабылдауына осы түрткі болған.

«42 объекті бар. Оның екі объектісі бірінші кварталда бітті. Атырау мен Шығыс Қазақстан облысы бойынша 40 объекті бар. 2025 жылы  жоспар бойынша 10-нан аса жоба аяқталады.  Ал қалғанын  2026 жылы қолданысқа беру жоспарланған. Өйткені кейібр объектілерде  сот процесі жүріп жатыр», – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов.

Тағы бір жаңашылдық, енді құрылыс компаниясынан пәтер сатып алғысы келетін кез келген адам қаражатты тек банк арқылы төлейтін болады. Яғни ақша қолма-қол берілмейді. Өз кезегінде Қуандық Қажкенов құрылыс салушыларға талаптың күшеюі тұрғын үй тұрғызу қарқынына әсер етпейді деп сендірді. Айтуынша, былтырдың өзінде ел бойынша 172 мыңнан астам баспана пайдалануға беріліпті. Жалпы тиісті заңды сенаторлар екі оқылымда да бірауыздан мақұлдап, Президентке жолдады.

Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген

Оқи отырыңыз: Көкке ұшқан ақша: Түркістан облысында жағажай қаңырап бос тұр

Новости партнеров