Әдебиеттің басты миссиясы – адамды ізгілендіру: Қаламгер Серік Асылбекұлы мерейтойын атап өтті

29.10.2026 16:26

Алматыда «Көркем сөз, ғылыми таным және ұстаздық мектеп» атты республикалық әдеби-танымдық кеш өтті

Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, драматург, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Асылбекұлының 75 жылдық мерейтойына арналған «Көркем сөз, ғылыми таным және ұстаздық мектеп» атты республикалық әдеби-танымдық кеш өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алқалы басқосуға белгілі қаламгерлер, әдебиеттанушы ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Жиында сөз алған жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Түменбай қаламгердің қазақ әдебиетіндегі орнына ерекше тоқталды.

"Қазақ әдебиетіндегі Бейімбек Майлин, Сайын Мұратбеков сияқты үлкен қаламгерлердің жолын жалғастырушы, лирикалық пландағы прозашы. Бірнеше мәрте «Жалын» баспасының және басқа да беделді сыйлықтардың лауреаты болды. Есімі прозашы ретінде қазақ әдебиеті энциклопедиясына енді", – деді Қуандық Түменбай.

Мерейтойлық кеште Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қансейіт Әбдезұлы қаламгердің шығармашылық жолына баға берді.

"Серік Асылбектің тойы – бірінші кезекте әдебиеттің тойы. Бұл – Жазушылар одағының, ҚазҰУ-дың, сондай-ақ қаламгердің туған жері Каспийдің тойы. Себебі Серік Асылбекұлы жарты ғасыр бойы қолынан қаламын тастамай, керемет прозалық туындылар, повестер мен әңгімелер жазды. Мүсірепов, Әуезов атындағы театрлардың сахнасынан түспей келе жатқан тамаша драмалық шығармалары бар, – деді Қансейіт Әбдезұлы.

Жиын барысында қаламгердің әр жылдары жарық көрген прозалық туындылары, повестері мен әңгімелері және театр сахналарында қойылып жүрген драмалық шығармалары сөз болды. Бұдан бөлек, жазушының бірнеше буын шәкірт тәрбиелеген ұстаздық еңбегі де тілге тиек етілді.

Қаламгердің пікірінше, әдебиеттің басты міндеті – адамды рухани тұрғыдан байытып, ізгілікке жетелеу. Яғни, көркем шығарма оқырманның жан дүниесіне әсер етіп, адамгершілік құндылықтарды ұлықтауы керек. Мерейтойлық кездесуде де осы ой арқау болып, әдебиеттің қоғамдағы рөлі мен жазушы жауапкершілігі жан-жақты айтылды.

Мерейтой иесі Серік Асылбекұлы әдебиеттің миссиясы туралы толғанысын ортаға салды.

"Дүниежүзіндегі қызметтердің ұлысы – адамдардың жан-жүйесін жақсарту, ізгілендіру, мәдениетті ету, иманға жақындату. Өсиеттерге адал болуға бағдар беру. Сондықтан мен әдебиеттің басты миссиясы осы деп ойлаймын", – деді жазушы.

Оқи отырыңыз: Алматы музейінде альпинизм тарихына арналған көрме ашылды

Толық көрсету