Қаһарман Отаны үшін қан майданда қаймықпай шайқасып, жүрегінде жалын, жанында адалдықпен жазылған ерлік дастанын қалдырды
Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Отан үшін от кешкен, қаны мен жанын аямай, талай азапты бастан өткеріп, ар-ожданын, Отанға деген адалдығын сақтай отырып, елге аман-есен оралған жандардың бірі - Кәрім Жәнділдәұлы Досанов. Ол – мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің аға лейтенанты, №129 жеке атқыштар бригадасының НКВД -ның арнайы бөлім офицері, деп хабарлайды Almaty.tv.
Кәрім Досанов 1916 жылы 15 мамырда Қарағанды облысының Жезқазған ауданында рудник Байқоңырда дүниеге келді. Ол 1937-1940 жылдары Хасан көлінде, Халхин-Голда, Фин соғыстарына қатысып, Бессарабияны азат етуге қатысты.
1941 жылдың тамызында әскер қатарына шақырылып, Алматыдағы НКВД-ның аймақаралық мектебіне қабылданып, мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің сержант шенін алды. 1942 жыл 2 ақпаннан НКВД-ның айрықша бөлімі СМЕРШ-тің (Смерть шпионам) аға уәкілі (старший оперуполномоченный) офицері болды.
Кәрім Досанов Горшечный, Канатоп, Глухов, Киев, Коростень қалаларын қиян-кесті ұрыстарда соғыса отырып, жаудан азат етті.
Оның ерлігі 1943 жылдың қаңтарында ерекше есте сақталып қалды. Коломейцево шайқасында офицер Кәрім Досанов 15 жауынгерден тұратын топпен жаудың тылына өтіп, екі станокты пулемет пен төрт минометті жойып, батальонның алға жылжуына ықпал етті. Кейін ол салқынқандылық танытып, командир және жауынгер ретінде ерлік көрсетті. Краница қаласында ол жараланған рота командирінің орнын ауыстырып, жаумен соғысуды өз қолына алды.
Үш күннің ішінде, 15-17 қаңтар аралығында Кәрім Досанов 79 жау солдатының көзін жойды.
14-20 қаңтар аралығында 45 жауынгерді тұтқындап, олардың майдан алаңынан қашып кетуіне жол бермеді. Өз ісімен Досанов Кәрім басқаларды ерлікке шабыттандырды.
Осы ерліктері үшін ол Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылды. Кәрім Досанов 1943 жылдың наурызында «Қызыл Ту» орденімен, 1943 жылдың тамызында «Қызыл Жұлдыз» орденімен, 1943 жылдың қазанында «ҰОС ІІ дәрежелі» орденімен марапатталды.
Сондай-ақ, оның есімі тарихшы, ғалым Берік Әбдіғалиұлының «Ұмытылған Қаһармандар» атты кітабында жарияланды.
«Әкем 1943 жылдың 22 қарашасында Коростень қаласы үшін қиян- кескі шайқаста , контузиямен, ес- түссіз, газбен тұншықтырылған күйде тұтқынға түсіп, Дахау өлім лагеріне жіберіледі. Тұтқында жүрсе де, астыртын жауға қарсы жұмыстарын тоқтатпайды, сен “коммунистсің” деп азаптап, бірнеше рет тірідей өртейтін крематорий пешінің алдынан қайтарады. Сонда да, өлімге басын тігіп, сатылмайды. 86 келі салмақпен лагерьге түскен әкемнің салмағы азат етілгенде 36 келі болып шыққан екен. 1945 жылдың 29 сәуірінде американдық әскерлердің жақындағанын біліп, басқа тұтқындармен бірге лагерьден қашып шығып, американдықтар армиясына қосылады. Сол күні “Дахау” азат етілді. Лагерьде азаптап өлтірілген тұтқындардың денесі толтырылған 30-дан астам вагон тапты», – дейді батырдың қызы Рахия Досанова.
Дегенмен, сынақ мұнымен аяқталмады. Отанына оралған Кәрім Досанов бұрынғы тұтқындарды тексеру лагеріне түсті. Ол өз адалдығын дәлелдеді.
Оралған соң, ол партия құрамында қызмет етеді. Кәрім Досановты халық нағыз батыр ретінде құрметтейді.
Сондай-ақ, Отан үшін тылда ерен еңбек еткен оның жары Тұрсын Бейсенбаева да атап өтуге тұрарлық тұлға. 20 жасында ол соғыс майданына киім-кешек пен жабдықтар жеткізетін өндіріс комбинатын ұйымдастырған. Оның еңбегі соғыста жеңуге үлкен үлес қосты, сондықтан ол «Белсенді партиялық жұмысы үшін» медальдармен марапатталды.
Кәрім Досановтың ерлігі мен есімі оның отбасы мен ұрпақтарының жүрегінде мәңгі сақталады. Ата-баба ерлігін болашақ ұрпаққа насихаттау мақсатында, Ұлы Жеңістің 70 жылдығының қарсаңында туған-туыстары «Шаңырақ» атты кітапты жарыққа шығарды.
Автор: Дина Болатова
Оқи отырыңыз: Жеңіс-80: Алматыда Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған 8 аллея ашылды