Дендросаябақтағы құрылыс: Шымкентте экобелсенділер дабыл қағып отыр

25.06.2025 20:41

Табиғаты көркем орындардың бірі 1979 жылы бұрынғы қоқыс полигонының орнына салынған

Шымкенттегі дендросаябақта кітапхана, шахмат клубы және шағын дүкен салынып жатыр. Аталғандардың бәрі дерлік әлеуметтік маңызы бар жоба болғанымен, бастамаға қарсы шыққандар көбейген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Шымкенттегі табиғаты көркем орындардың бірі – дендробақта құрылыс қызу. Қаланың тынысы іспетті бұл жасыл аймақта қазір бірнеше нысан бой көтеріп жатыр. Алайда мұндай өзгерістерге экобелсенділер түбегейлі қарсы. Сөздерінше, осылай жалғаса берсе саябақ табиғи аумақ болудан қалып, біртіндеп коммерциялық бағыттағы ойын-сауық аймағына айналуы мүмкін.

«Дендросаябаққа адамдар табиғатты сезініп, тынығу үшін келеді. Олар мұндағы тыныштықтан ерекше әсер алады. Бұл жерге азаматтар кітапхана немесе басқа да ғимараттарды іздеп келмейтінін түсіну керек. Ал адамдарға су керек, дүкен керек деген әңгіме – сылтау. Қаласаң, өзіңмен бірге сусыныңды алып келіп, табиғат аясында жақсы уақыт өткізуге болады», – деді экобелсенді Сергей Ефремов.

Саябақ жекеге өтеді деген қауесет қала тұрғындарын алаңдатпай қоймады. Алайда жауаптылар мұның негізсіз екенін мәлім етті. Олардың айтуынша, дендросаябақ мемлекеттің қарамағында қала береді. Сондай ақ бірде-бір ағаш кесілмейді, ал суару жұмыстары үзіліссіз жалғасатын көрінеді.

 «Ешқандай зиян келтіретін жұмыс болып жатқан жоқ. Халық тарапынан түсініспеушік туындап жатыр. Ағаш кесіліп жатыр деген сияқты. Ешқандай ағаштар кесіліп жатқан жоқ. Ғылыми бағыттағы жұмыстар жасалуы керек. Бұндай кітапханалар бізге керек, болуы тиіс», – деді дендросаябақтың директоры Есдәулет Достияров.

Айта кетсек, дендросаябақ 1979 жылы бұрынғы қоқыс полигонының орнына салынған. Бүгінде мұнда 200-ден астам ағаш пен өсімдіктің түрі бар. Жауаптылардың сөзінше, келешекте саябаққа жаңа сәндік көшеттер отырғызу көзделген.

Лаура Бабас, Шымкенттен

Оқи отырыңыз: Кәріз жүйесі жоқ: Бейнеудегі көпқабатты үйлер судың астында қалды