Нысанның жалпы аумағы – шамамен 32 мың шаршы метр
Алматы әуежайында ішкі терминал, дәретханалар мен едендер, есіктерге дейін толық жөндеуден өтіп жатыр. Шаһар басшысы Дархан Сатыбалды жұмыс сапары кезінде жүргізіліп жатқан ауқымды жаңғырту ісімен танысып шықты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Тексеріс барысында бірінші терминалдағы тіркеу аймағы, 3 және 4-гейттер аралығындағы жаңа қоғамдық тамақтану орны ашылатын терасса, 6 және 7-гейттердің ортасына салынатын жаңа көпірдің жобасы таныстырылды. Сонымен қатар қала басшысы 8-гейттегі қайта жаңғырту жұмыстары мен балаларға арналған алаңды да қарап, шолу жасады.
«Қазір ішкі рейстерге қызмет көрсететін терминалды жаңғыртуға басымдық беріп отырмыз. Дәретханалардан бастап еденге, төбеден есіктерге дейін, сондай-ақ желдету, электр жүйелері, жүктерді өңдеу және жолаушыларды тіркеу жүйелері толық жөндеуден өтуде. Біздің мақсат – ең маңызды жұмыстардың барлығын қыркүйек айының соңына дейін аяқтау. Одан кейін де кейбір ұсақ сәулеттік шаруалар жалғасады. Мысалы ішкі және халықаралық терминалдарды жалғайтын дәлізді абаттандыру сияқты жұмыстар бар. Оларды қазан-қараша айларында бітіруді көздеп отырмыз», – деді «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ президенті Гокер Косе.
Қала басшысы зер салып, танысқан келесі аумақ – «DEPO ALMATY» креативті хабы. Бұрынғы трамвай депосының аумағында заманауи қоғамдық кеңістік бой көтереді. Креативті хаб кино, өнер, іс-шаралар индустриясы, қолөнер және IT сияқты шығармашылық салаларда жұмыс істейтін кәсіпкерлер мен мамандардың басын қосып, олардың дамуына жағдай жасамақ. Нысанның жалпы аумағы – шамамен 32 мың шаршы метр. Ғимарат келер жылдың аяғында қолданысқа беріледі деп жоспарланып отыр.
«Бұл – көпшілік асыға күткен маңызды жобалардың бірі. Қазір жобалау жұмыстары толық аяқталып, мемлекеттік сараптамадан өтті. Қорытындыға сәйкес, құрылыстың нормативтік мерзімі – 14 ай. Жобаны әзірлеу кезінде осы маңда қоныстанған тұрғындардың ұсыныс-пікірлері ескерілді. Олар үшін демалыс және серуендеу орындары, сондай-ақ қажетті сервистік мүмкіндіктер қарастырылады. Яғни, жаңа нысанның бой көтеруі тұрғындардың тұрмыс сапасына кері әсер етпей, керісінше, өмір сүру жағдайын жақсартады. DEPO қала тұрғындарын ғана емес, шаһарымызға ат басын бұратын көптеген туристі де қуантады деп сенеміз», – деді қалалық мәслихат депутаты Кристина Бекмұрза.
Оқи отырыңыз: Алматыда сайлау күні жүріп-тұруы шектеулі азаматтарға көлік қызметі көрсетіледі