Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жалпы саны 725 мың адамға жеткен
Мәжіліс депутаты Нұрлан Әуесбаев мүгедектігі бар жандарға берілетін ең төменгі жәрдемақы мөлшерін 85 мың теңгеге ұлғайту қажет екенін айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Депутаттың айтуынша, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жалпы саны 725 мың адамға жеткен.
"Бірақ біздің пайымдауымызша, мұндай азаматтардың саны бұл көрсеткіштен әлдеқайда көп. Қоғамда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қатысты мәселе көп болғанымен, ол ашық айтыла бермейді. Кейде жеңіл сырқаты бар адамдар жалған мүгедектік рәсімдеп жүргені туралы шағым-арыздар түссе, кейде керісінше шын мәніндегі мүгедектер әділеттілікке жете алмай жүр", - деді ол.
Нұрлан Әуесбаевтың айтуынша, үшінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандардың жәрдемақысы - 55 474 теңге.
"Жасыратыны жоқ, кейбір азаматтарымыз осы мүгедектік бойынша берілетін жәрдемақыны алып, өлместің күнін көріп келеді. Қазір инфляция 12,9% деңгейіне жетіп, әлеуметтік маңызы бар өнімдердің, дәрі-дәрмектердің бағасы күрт өсті. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі жандардың жәрдемақысын кем дегенде ең төменгі жалақы көлеміне, яғни 85 000 теңгеге дейін көтеру қажет деп есептейміз", - деді ол.
Оқи отырыңыз: ІІМ әкімдіктердің есірткіге қатысты жұмысын бағалау рейтингін әзірлемек