Депутаттар ҚазҰУ-дың ғылыми орталықтарын аралап, түлектерге диплом табыстады

02.07.2025 20:44

Еліміздің маңдайалды жоғары оқу орнын биыл 7 080 түлек аяқтап отыр

Алматыда Сенат және Мәжіліс депутаттары әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетіне ресми сапармен келіп, ғылыми орталықтардың жұмысымен танысты. Білім ордасына арнайы ат басын бұрған меймандарға кампус тур ұйымдастырылып, оқу бітіруші түлектерге арналған диплом табыстау рәсімі де өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Қазақстандық депутаттар демалысқа шығып, өңірлерді аралауды бастады. Бірқатары оңтүстік астанаға ресми сапармен келіп, әлемдегі ең үздік 200 университеттің қатарына енген оқу ордасына ат басын бұрған. Мұнда ақ жағалылар Farabi HUB және басқа да ғылыми инновациялық орталықтармен танысып, жасанды интеллект пен стартап жобаларға арналған соңғы үлгідегі зертханалардың мүмкіндіктеріне қанықты.

Айта кетейік, 2024 жылы университеттің 90 жылдық мерейтойына орай 30 жаңа ғылыми зертхана ашылыпты.

«Ұлттық университетіміздің мына технологияларға, ғылымды тереңдетуге байланысты ізденістері жақсы екен. Әсіресе ғарыштық зерттеу, қазіргі дрондарды пайдалану арқылы ауыл шаруашылығында, экономикада түрлі зерттеу жүргізіп, тәжірибелерді жасауға толық мүмкіндік бар. Бұл, демек, ғылым-білім ел игілігіне қызмет етіп жатыр деген сөз», - деді ҚР Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп.

Сонымен қатар мәртебелі меймандар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бітіруші түлектеріне арнап ұйымдастырылған салтанатты диплом табыстау рәсіміне қатысты. Биыл еліміздің маңдайалды жоғары оқу орнын 7 080 түлек аяқтап отыр екен. Оның ішінде 5410 студент бакалавр, 1163 түлек магистр, ал 507 жас докторантураны тәмамдап, PhD дипломын алады.

Айта кетейік, еліміздің жетекші оқу орнындағы диплом табыстау рәсімі биыл 12 күнге жалғасып, әр факультет бойынша кезең-кезеңімен ұйымдастырылады екен. 

«Өте қуаныштымын. Осы ҚазҰУ-ге 2010 жылы жап-жас студент болып келген едім. Бүгінде білікті маман, PhD иесі болып, ғылымға атсалысып жүреміз. Әр түлекке сәттілік, қуаныш, еңбек, зор денсаулық тілеймін», - деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі Азамат Қайратұлы.

Айта кетейік, қазіргі уақытта әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары жалпы құны 13 миллиард теңгелік 368 ғылыми жобаны жүзеге асырып жатыр. Сондай-ақ 2024 жылы білім ордасының 90 жылдық мерейтойы аясында 30 заманауи зертхана ашылып, 80-ге жуық оқу аудиториясы жаңғыртылыпты. Бұл - білім мен ғылымды дамытуға бағытталған ауқымды қадамның бірі.

Мәди Мәлік, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Дархан Сатыбалды "Атакент" кешенін жаңғырту жобасымен танысты