Думан ықшамауданында 11 жастағы қызға азғындық әрекет жасаған күдікті қамауға алынды

09.10.2024 20:06

Анасының айтуынша, үйде жалғыз болған қыз бала терезені сындырып, қашпақ болған

Алматының Думан ықшамауданында үйсіз-күйсіз жүрген ер адам 11 жастағы қызға азғындық әрекет жасаған. Жеткіншектің үйде жалғыз екенін пайдаланып, баса көктеп кірген күдікті қыз баланы қылқындырып, арам пиғылын іске асырған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Таңертеңнен кешке дейін асханада нәпақасын тауып жүрген жәбірленушінің анасы оқиға болған күні жұмысқа кеткен. Оның айтуынша, жеткіншектің есікті жабуға күші жетпей, сол күні үй ашық қалған. Анасы мен 2 қыздың бұл аядай ғана бөлмеге көшіп келгеніне 20 күн де болмаған. Кеше таңертең белгісіз ер адам үйге баса көктеп кіргенде қыз бала үйде жалғыз отырған.

Анасының айтуынша, үйде жалғыз болған қыз бала терезені сындырып, қашпақ болған. Бірақ арам ойын іске асырған азғын артынша дым болмағандай, жуынған.

"Мен тағы келем, сен біреуге айтсаң, өлтіріп кетемін" деген. Біреуге айтсаң,  мені де өлтіретінін айтып, қорқытқан. "Үйде үшеуің тұрасыңдар ма?"- деп сұраған, – жәбірленушінің анасы.

Арам пиғылын іске асырған қаскүнем үйден жәбірленушімен бірге шыққан. Өз өміріне алаңдаған 6-сынып оқушысы мектеп жаққа бой тасалап, бейтаныс жанның телефонынан бірден анасына қоңырау шалған. 38 жастағы азғын бұрын осы үйді жалдап тұрғаны белгілі болды. Сондықтан зардап шеккен қыздың жақындары күдіктінің бұл маңды аңдуы мүмкін деп сезіктенеді.

"Наурыз-сәуір айында тұрған. Ішіп, мазасын алғаннан кейін үйдің иесі шығарып жіберген. Біз келгенде полиция бөлмеге кіріп, тексеріп жатыр екен. Полиция қызметкері телефоннан суретін көрсетті, қызым бірден таныды", – деді жәбірленушінің әкесі.

Қазір күдіктінің үстінен кәмелет жасқа толмаған баланы зорлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ол – Жетісу облысының тумасы.

"Жедел іздестірілу шараларын жүргізу барысында күдікті қолға түсті. 86 жылғы Ж есімді азаматтың Алматы қаласында не жұмысы, не тұрғылықты жері жоқ. Бұл азамат бірден Қылмыстық іс жүргізу кодексініің 128-бабының нормалары бойынша қамауға алынып, қазіргі таңда уақытша оқшаулау абақтысында жатыр", – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Анасының айтуынша, қатты үрейленіп қалған жеткіншек томаға-тұйық күйде, ешкіммен сөйлесуді қаламайды. Енді кәмелетке толмаған баланың жақындары күдіктіге қатаң жаза қолданылып, ал қыз балаға білікті психологиялық көмек көрсетілсін деп талап етіп отыр.

Жансая Олжабек, Жақсылық Тілепберген

Оқи отырыңыз: Қарындасының тыныштығын бұзған атыраулық азамат қамауға алынды