Әди Шарипов десе, Белорусь халқы ішкен асын жерге қояды - Клара Мыңжасарова

08.12.2025 16:15

Жазушының құрметіне әдеби байқау ұйымдастырылды

Almaty.tv

«Оның есімін естігенде, Белорусь халқы ішкен асын жерге қояды». Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, партизан Әди Шәріповті ұлықтаған Алматы жұртшылығы нар тұлғаны осылай деп еске алды, деп хабарлайды Almaty.tv.

 

2003 жылы Әди Шәріповтың есімі берілген бұл білім ордасы жыл сайын мемлекет және қоғам қайраткерін ұлықтауды ұмытқан емес. Биыл да жазушының құрметіне әдеби байқау ұйымдастырылып, қаланың барлық ауданынан келген 50-ге жуық оқушы бақ сынады. Қатысушылар эссе жазып, буктрейлер түсіріп және арнау өлеңдер оқып, үш бағытта сынға түсті. Мектеп ұстаздары осындай шығармашылық сайыстар арқылы жастар Әди Шәріповты жаңа қырынан танып қана қоймай, рухани азық алатынын айтты.

«Жақсылыққа жаралған жүрек» шығармашылық байқауының негізгі мақсаты –оқушылардың шығармашылық әлеуетін арттыру, «Адал азамат біртұтас» бағдарламасы аясында көзделген құндылықтарды дарыту, сонымен қатар қала деңгейінде Әди Шәріповтің мұраларын, батырлығын, ерлігін насихаттау», – деді Ә. Шәріпов атындағы №16 мектеп-гимназия директорының орынбасары Алтынай Нұрланқызы.

Байқау 9 және 11-сынып оқушылары арасында өтіп, 18 жеңімпазға бағалы сыйлық мен арнайы диплом табысталды. Сондай-ақ келушілер соғыс ардагерінің құрметіне ашылған мұражайға экскурсия жасады. Ондағы экспонаттың барлығын жазушының жұбайы сыйға тарқан. Бүгінде білім ордасы сол аманатты көзінің қарашығындай сақтап келеді.

 «Әди Шарипов десе, Белорусь халқы ішкен асын жерге қояды. Неге десеңіздер, соғыстың алғашқы күні 20 жастағы қазақтың жас жігіті қашпай, қорықпай, тірі қалған солдаттардың бәрін жинап, партизан отрядын құрады», – деді Ә. Шәріповтің жұбайы Клара Мыңжасарова.

Еске сала кетсек, Әди Шәріпов 1912 жылы Шығыс Қазақстан өлкесінде дүниеге келген. Бар ғұмырын әдебиет пен ғылымға арнаған ол ұстаздық етуден де жалықпаған. Бейбіт күнде қаламын, сұм соғыста қаруын жолдас еткен нар тұлға партизан отрядын басқарған. Бертін келе Қазақ КСР Оқу министрі, Сыртқы істер министрі, КСРО жазушылар одағының хатшысы лауазымдарын атқарған. Жазушы 1993 жылы өмірден өткенімен, оның есімі ешқашан ұмтылмақ емес.

Аяулым Көлжігіт, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Иманбек «Құрмет» орденінің иегері атанды