Жиынның негізгі тақырыбы - адамның әлеуеті мен жасанды интеллектінің үйлесімді дамуы
1 миллион теңге жүлде, инновациялық стартаптар мен стратегиялық серіктестік. Алматыда «Цифрландыру және ақпараттық технология қызметкерлерінің күні» аясында «Digital Day» форумы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Биыл төртінші мәрте ұйымдастырылған іс-шараның шымылдығы саланың үздіктерін марапаттау рәсімімен ашылды. Ал жиынның негізгі тақырыбы - адамның әлеуеті мен жасанды интеллектінің үйлесімді дамуы. Панельдік сессияда қатысушылар саланы жетілдіре түсудің жолын айтып, ой бөлісті. Сондай-ақ ашық алаңда жаңа технологиялық экожүйелерді дамытуға арналған бастамалар ұсынылды. Форумның маңызды бөлігі – стартап-батлмен жалғасты. Онда 10 қатысушы өз жобасын таныстырып, үздік деп танылғаны қаржылай сыйлық иеленді.
«Цифрлық саладағы бірқатар түйткілді қарастырдық. Соның бірі – елдегі жоғары оқу орындарының болашағы талқыланды. Әсіресе жаһанданған заманда IT университеттердің даму бағыты айқын болуы керек. Екінші мәселе –венчурлар, стартаптар мен корпорациялар арасындағы ынтымақтастықты нығайту. Қазір Алматыда мұндай бәсекеге қабілетті мекеме көп. Ал біз осы алаң арқылы олардың басын біріктіруді жоспарлап отырмыз», – деді ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің кеңесшісі Әсем Болатжан.
Оқи отырыңыз: Ғылым ордасында құрылыс қалай жүргізіліп жатыр