Алматыда тәртіпті такси жүргізушілері марапатталды

Республикалық акцияны Ішкі істер министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар бірлесе ұйымдастырған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда тәртіпті такси жүргізушілері марапатталды. Қалалық Полиция департаменті ұйымдастырған «Үлгілі жүргізуші – 2025» акциясы аясында Яндекс Такси қызметінде еңбек ететін, жыл бойы жол ережесін мүлде бұзбаған азаматтар көпшіліктің қошеметіне бөленді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жәнібек Зейнелов – 14 жылдық тәжірибесі бар кәсіби жүргізуші. Оның айтуынша, көлік тізгіндеген әр күні жол қауіпсіздігін бірінші орынға қояды. Жаяу жүрген адам көрсе дереу баяулап, оларға жол беруді әдетіне айналдырған. Сондай-ақ жылдамдықты үнемі қадағалап, шектен асырмауға ерекше мән береді.

«Соңғы бір жылда жол ережесін бірде-бір рет бұзған емеспін. Ешқандай хаттама толтырылған жоқ. Қолымнан келгенше тәртіптен аттамай, жылдамдықты сақтап, барлық жол белгілеріне бағынуға тырысамын», – деді көлік жүргізуші Жәнібек Зейнелов.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, көлікті тоқтатуға негіз болатын басты әрекеттер – жылдамдықты асыру, жолда қауіп төндіретін маневрлер жасау. Дегенмен, тәртіпке жанашыр жүргізушілердің қатары жылдан жылға артып келетін көрінеді.

«Алматы қаласында жол қозғалысының қауіпсіздігін атқару және жол көлік оқиғаларын алдын алу мақсатында қала аумағында үлгілі жүргізуші акциясы өткізілуде. Акция барысында жол ережелерін сақтап мәдениеттілік танытқан жүргізушілер анықталып, аталған жүргізушілерге алғыс хат мен естелік сыйлықтар тапсырылды», – деді Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары Тимур Серікұлы.

Алматылық Ерназар Мэлс те үлгілі жүргізушілердің қатарында. Ол алғаш рет көлік тізгінін 2000 жылдары ұстаған. Содан бері жол ережесін қатаң сақтауды басты қағидасына айналдырған. Оның айтуынша, қозғалыс қауіпсіздігі – бәріне ортақ міндет.

«Полиция қызметкерлер тексеріп еді, ешқандай заң бұзбағанымды көріп, алғыс хатқа ұсынды. Балаларыма әрдайым жол ережесін үйретіп отырамын. Жолда жүру, жаяу жүргіншілер бағдаршамнан өтуді ескертіп айтып отырамын», – деді көлік жүргізушісі Ерназар Мэлс.

Айта кетейік, республикалық акцияны Ішкі істер министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар бірлесе ұйымдастырған. Жол қауіпсіздігін нығайтып, жүргізушілердің мәдениетін көтеруді мақсат өткен іс-шарада тәртіпке берік темір тұлпар тізгіншілеріне бағалы сыйлықтар мен алғыс хат табысталды.

Мәди Мәлік. Амина Усенова. Думан Дәулетбақұлы

Новости партнеров