Әділет министрлігі алаяқтардың кезекті әрекеті туралы ескертті

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Ведомство өкілдері тек ресми дереккөздерге ғана сенуді және дербес деректерді үшінші тұлғаларға бермеуді ескертеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Мәжбүрлеп орындату комитеті алаяқтардың министрлік эмблемасын заңсыз пайдалана отырып, өздерін сот орындаушылары ретінде таныстыратын әрекеттері жиілеп кеткені туралы ескертеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

«Алаяқтар өздерін сот орындаушысы ретінде көрсете отырып, азаматтарды есепшоттарды бұғаттаумен, мүлікке тыйым салумен және басқа да шаралармен қорқытып, «берешекті» шұғыл түрде өтеуді талап етеді. Мұндай айла-тәсілдерге алданбаңыздар!» - деп ескертті ведомство өкілдері.

Атқарушылық іс жүргізудің бар-жоғын https://aisoip.adilet.gov.kz сайтында:

  • «Борышкерлер мен тыйым салулар тізілімі» немесе «Атқарушылық құжатты іздеу» бөлімінде;
  • жеке ЭЦҚ-ны пайдалана отырып «Тараптар кабинеті» арқылы авторизация жасау арқылы;
  • «Азаматтарға арналған» бөліміндегі байланыс деректері арқылы сот орындаушысына тікелей қоңырау шалу арқылы өз бетінше тексере аласыз.

Сондай-ақ «Adilet» мобильді қосымшасы арқылы қол жеткізуге болады.

Қосымша ақпаратты Әділет министрлігінің және Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының ресми сайттарынан білуге болады.

Заңсыз әрекеттердің алдын алу үшін Комитет тек ресми дереккөздерге ғана сенуді және дербес деректерді үшінші тұлғаларға және күмәнді интернет-ресурстарға бермеуді ескертеді.

Сондай-ақ құқықтық кеңесті 119 нөмірі бойынша Саll-орталықтан (Құқықтық ақпарат қызметі, Қазақстан бойынша стационарлық телефондардан қоңырау шалу арқылы), сондай-ақ 119 Kenesbot телеграм-арнасы немесе Қазақстан Республикасының «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінің сайтындағы «Виртуалды кеңесші» айдары арқылы алуға болады.

Оқи отырыңыз: БҚО-да полиция 10 адамды сан соқтырған күдіктіні құрықтады

Новости партнеров