Әділетті Қазақстанға қадам: Президент сот жүйесінің тәуелсіздігіне тоқталды

05.06.2026 16:53

Астанада әкімшілік әділет жүйесінің құрылғанына 5 жыл толуына орай халықаралық форум өтті

Қазақстанда жеке тұлғалар мен бизнес өкілдері мемлекеттік органдармен дауларда жиі жеңіске жете бастады. Бұрын бұл көрсеткіш тек 15 пайыз болса, қазір істердің жартысынан көбі халықтың пайдасына шешіледі екен. Астанада әкімшілік әділет жүйесінің құрылғанына 5 жыл толуына орай халықаралық форум өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Мемлекет басшысы түске дейін форумның негізгі сессиясында сөз сөйледі. Оның айтуынша, еліміздің тұрақты дамуы үшін халық пен билік арасында өзара сенім мен келісім болуы қажет. Бұл – мызғымас қағида. Ашық диалог жүргізу, азаматтардың мұң-мұқтажын ескеріп, арыз-шағымына дер кезінде жауап беру елдегі түбегейлі өзгерістердің өзегі саналады. Мемлекет басшысы өркениетті ел ретінде заң мен тәртіп қағидатын ұлттық болмыстың ажырамас бөлігіне айналдыру қажет екенін айтты.

«Барша азаматтарға, әсіресе, жастарға заңды құрметтеу, заңға бағыну қажет екенін қарапайым тілмен жан-жақты түсіндірген жөн. Заңды қадірлеу, тәртіпті қолдау, бұл – әр адамның жарқын өміріне жол ашатын маңызды шарт. Жалпыұлттық референдумда қабылданған жаңа Конституциямызда осы негізгі қағидат туралы анық жазылды», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұрын халықтың мемлекетпен соттасуға батылы бармайтын. Қазір жағдай өзгерген. Азаматтар мен кәсіпкерлер өз құқығын қорғау үшін сотқа белсенді түрде жүгіне бастаған. «Әкімшілік әділет» енгізілгелі бері даулардың басым бөлігі халық мен бизнестің пайдасына шешіліп келеді. Атамекен кәсіпкерлер палатасының төрағасы былтырдың өзінде бұл көрсеткіштің 50 пайыздан асқанын айтты. 

«Егер де бизнес және азаматтар нормалармен келіспесе, жауапты мемлкеттік органдарды сотқа тартуға болады. Административтік юстиция арқылы қазіргі таңда тек жеке шешімдер емес, нормативтік базаны өзгертуге болады. Ол – реформаның ең үлкен нәтижесі», – деді  «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Қанат Шарлапаев.

Халық мемлекеттік органдарға жүгінетін «Е-Өтініш» жүйесі әкімшілік реформаның аясында құрылған. Кейінгі бес жылда платформа арқылы шамамен 16 миллион өтініш қаралған. Олардың басым бөлігі қаржы, әділет министрліктеріне және жер қатынастарына қатысты даулар бойынша жергілікті атқарушы органдарға жолданған. «Әкімшілік әділет» туралы айтқанда сот билігін айналып өтуге болмайды. Бір жыл бұрын елімізде алғаш рет кассациялық сот құрылған еді. Ол – сот жүйесіндегі ең жоғары инстанциялардың бірі. Кассациялық соттар салық, жер дауларын, мемлекеттік сатып алу және сот орындаушыларының қызметіне қатысты істерді қарайды. Сот органына 11 айда 5000-ға жуық кассациялық шағым түскен. Оның 65 пайызына шешім шыққан.

«Қазіргі біздің көрсеткішіміз кассациялық соттардың 50-60 пайыздың төңірегінде қанағаттандыру жүріп жатыр. Бұл деген үлкен көрсеткіш. Бұл деген міндетті түрде заңсыз болсын қолдай беру емес. Талап жақтың бұл жерде негізгі көрсететін жағдай мемлекетпен қарым-қатынасы. Бұл жерде мемлекеттік ұйымдардың жіберген кемшіліктері болған кезде  талап қанағаттандырылады. Жаңағы мен айтып отырған 60 пайызым осыны көрсетіп отыр. Яғни, мемлекеттік ұйымдар өзінің қателіктірен түсініп қазіргі кезде келесі жолы оны жібермеуге әрекет жасауға үлкен сабақ алды ойлаймын», – деді ҚР Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының судьясы Ерлан Нұралиев.

Президент Әділетті Қазақстанды құру жолында сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз етуге баса мән беріліп отырғанын айтты. Оның сөзінше, бірінші шілдеде жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін Қазақстан өз дамуының шешуші кезеңіне қадам басады.

Оқи отырыңыз: Президент Алатауды жаңа технологиялар тарту орталығына айналдыру міндетін қойды