Діндер съезі: жас діни көшбасшылардың форумы өтіп жатыр

09.10.2024 14:29

Тәуелсіздік сарайындағы басқосуда ғаламдық проблеманың шешу жолдары талқыланды

Астанада Жас діни көшбасшылардың форумы өтіп жатыр. Алқалы жиынды ұйымдастыруға әлемдік және дәстүрлі дін өкілдері мұрындық болған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Тәуелсіздік сарайындағы басқосуда ғаламдық проблеманың шешу жолдары талқыланды. Қатысушы жас лидерлер ауқымды мәселелерге қатысты ойын бөлісіп, өз ұсынысын айтты.

"Қазақстан тарапы маңызды жиынды өткізіп, бізді шақырғандарына алғыс айтамыз. Мұндай алаңда әлемде бейбітшілік орнатудың түрлі тәсілдері қарастырылады. Менің ойымша, қарапайым халық зардап шекпеу үшін кез келген жерде қарулы қақтығыс тоқтатылуы керек. Бізді біріктіретін бір ғана нәрсе – сенім. Дініміз бөлек болғанымен, бәріміз жаратушыға табынамыз. Ал ол жамандыққа итермелемейді", – деді Дінаралық және мәдениетаралық диалог орталығының басшысы Яхия Джахангири (Иран Ислам Республикасы).

Бастамашылар «басқосу екі буын өкілдерінің арасындағы түсіністікті одан әрі нығайтуға бағытталған» дейді. Жас діни көшбасшылардың форумы арқылы жастардың ой-пікірі тыңдалды. Жиынға Мысырдан келген мейман тұрақтылық пен бейбіт өмірді дәріптейтін арнайы кітаптарын таныстырды.

"Мысырдың ғалымдары жазған кітаптарды алып келдім. Бұл жерде этносаралық және конфессияаралық қатынас туралы жазылған. Бүгінгі іс-шараның маңызы өте зор. Осы алаң ұлттардың, тілдердің, түрлі мәдениеттер арасында ортақ құндылық бар екенін дәлелдейді", – деді Әл-Азхар университетінің қызметкері Зейнаб Седдиек Әли (Мысыр).

Оқи отырыңыз: Съезде алдағы 10 жылдықта атқарылатын жұмыс жоспары талқыланды