Бірі көз жұмып, бірі темір торға қамалған оқушылар ісі «кісі өлтіру бабы» бойынша тергеліп жатыр
«Құрдастарын құтқармақ болған». Алматы облысы Долан ауылында түлектер кеші оқушы өлімімен аяқталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Соңғы қоңырау сыңғырлап, мектеппен қоштасқан Қырғауылды орта мектебінің түлектері көңіл көтеру үшін Долан ауылындағы жер үйлердің бірін жалға алып, жиналған. Мектеп әкімшілігінің сөзіне сенсек, отырыста екі бірдей сыныптың оқушылары бас қосқан. Алайда бірнеше сағаттан соң жайылған дастархан қанға боялып, бір оқушы жүрек тұсына ауыр жарақат алады. Марқұмның жақындарының айтуынша, кеш соңына таман жігіттердің бірі кәуапқа арналған шаншығышты ала жүгіріп, жиналғандары қорқытқан. Сол сәтте үй ішінен шыққан Әліби әлгі баланы тынышталдырмақ болып жақындағанында, ауыр соққы алған.
«Тамағы ауырып, бір бөлмеде жатқан. Далада шу болған кезде сыртқа шыққан. Ешқандай бала қалмаған, бәрін қорқытқан. Бір бала қалыпты. Білмеймін кім екенін? Ана балаға қой деп, көндіруге тырысқан. «Жүрек тұсына тығып, қайта алған» дейді. Жедел жәрдем шақырған, сол жерде көз жұмыпты», – деді марқұмның анасы.
Долан ауылындағы түлектер жалға алып, бас қосқан үйдеміз. Есік мөрленген, жан-жағы жабық. Аула әлі күнге дейін жайрап жатыр.
Марқұм 2007 жылы туған бозбала Қырғауылды орта мектебін бітірген. Оқу ордасының әкімшілігі оқиғаға қатысты мардымды мәлімет бере алмады. Директордың сөзінше, олар кештен хабарсыз болған. Бірақ ата-аналардан балалардың соңғы қоңырау күні ешқайда шықпайтыны жайлы алдын-ала қолхат алынған. Бір оқушысы көз жұмып, бірі темір торға қамалған мектепте әлі ішкі тексеріс жүргізілмеген.
«Қолхат жазып берді, жиналыс өткіздік. Барлығыешқайда жібермейтінін, балалардың ешқайда бармайтынын айтты. «Балалар үйде отыр» деп те айтты. Ата-аналар жиналысын өткізіп, түсіндірдік. Барлығы келісті, қолхат жазып берді», – деді Қырғауылда орта мектебінің директоры Перизат Әбдібаева.
Үйдің жалғыз ұлы — үкілі үміт, үзіліп кетті. Құрдасының қолынан қазақ тапқан Әліби мектепте үлгілі оқушылардың қатарында болған. Тәртібі мен үлгерімі жақсы бозабала құқық қорғау саласында қызмет етуді армандаған.
«балаға үміт артып ек. Мінезі жақсы, ақкөңіл бала еді. Оқу орнына түсіп, жұрт қатарлы жүрсе деп едік, әлі мектеп бітірген жоқ», – деді анасы.
«Өте жақсы бала болған. Өзім қатты жақсы көретінмін. Орны толмас қаза – бұл», – деді отбасының көршісі Толқын Әлімбаева.
Үлкен өмірге қадам баса бергенде, бірі көз жұмып, бірі темір торға қамалған оқушылар ісі «кісі өлтіру бабы» бойынша тергеліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторында. Баланың ата-анасы да әкімшілік жауапқа тартылды. Қайғылы оқиғаға қатысты Оқу-ағарту министрлігі мен облыстық білім бөлімі әзірге ешқандай мәлімдеме жасамай отыр.
Әйкерім Пернебек, Ернат Болатбек, Алматы облысы
Оқи отырыңыз: Мектеп ауласында 7 жастағы қыздың саусағы жұлынып кетті