Домбыра шертсе — тарих сөйлейді: күймен үндескен Болат Досановтың ғибратты жолы

06.07.2025 16:43

Халық мұрасын ұрпаққа аманаттаған өнер иесі жайлы

Болат Досановтың архивінен

6 шілде – Ұлттық домбыра күні. Бұл күн Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен белгіленген, - деп хабарлайды Almaty.tv.

Атаулы мереке аясында қазақтың күй өнерін биікке көтеріп, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан хас шеберлердің бірі – күйші, домбырашы Болат Кәрімұлы Досанов туралы айтпай кету мүмкін емес.

Болат Досанов – Жезқазған облыстық "Ұлытау" ән-би ансамблінің ең алғашқы мүшелерінің бірі. Ол қолына домбырасын алып, тек қана қазақ жерінде емес, барша жұрттың алдында өнерін паш еткен. Мәселен, Исландия, Дания, Германия, Грузия сынды мемлекеттерде қазақтың ұлттық аспабымен күй төгілткен. Ол – талантымен талайды тамсандырған күйші, домбырашы, ұлттық өнердің шырақшысы. Домбыраның қос ішегінен төгілген сырлы әуен арқылы тыңдарманның жүрегіне жол тапқан нағыз халықтық өнер иесі.

Болат Кәрімұлы 1953 жылы Қарсақпайда (қазіргі Ұлытау облысы) дүниеге келген. Ол домбыра үніне алғаш рет бес жасынан ғашық болды — сол кезде Әлима әжесінің әуезді күй шерткенін тыңдап, шексіз қызығушылықпен еліте қарайтын. Ал он бір жасында алғаш рет өзі домбыраны қолына алып, алғашқы үнімен-ақ ұлт рухын сезініп, өнер жолына қадам басты. Мектеп оқушысы кезінде көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, сахнада бірнеше мәрте күй орындаған. Мектепті тәмамдаған соң Қарсақпай мыс зауытында үш жыл токарь болып еңбек етті. Алайда күйге деген құштарлық, домбыраға деген іңкәрлік ешқашан жүрегінен кеткен емес. Қай жерде, қай салада жұмыс істесе де, оның арманы – домбырасын қолына алып, сахнаға шығу еді.

"Өнерлі өрге жүзер" деген рас. 1973 жылы облыста жаңадан ашылған мәдени-ағарту училищесіне оқуға түсті. Сол жылы облыс орталығында жаңа ансамбльге талантты жастарды іріктеу басталды. Бұл хабарды естіген жас Болат өзінің бағын сынауға бел буды. Әйгілі композитор Ескендір Хасанғалиев, ақын Бәкір Тәжібаев және Жезқазған облыстық мәдениет басқармасының басшысы, облыстық партия комитетінің үшінші хатшысы Жылқыбай Аралбаевтың қолдауымен "Ұлытау" ән-би ансамблі құрылды.

"Сол өнерпаздардың қатарында болсам деп армандадым. Армансыз адам – тұл. Бір күні ансамбльдің домбырашылар оркестрінің құрамында сахнаға шығып, күй атасы Құрманғазының «Адайын» орындаған сәтім – өнер жолына түбегейлі бет бұрған кезім болды", – дейді Болат ағамыз бір естелігінде.

Сол кезден бастап Болат Досановтың есімі қазақ мәдениетінің тарихында алтын әріппен жазылды. Ол ансамбль құрамына енген соң, "Ұлытаудың" атақ-даңқы жер жарып, тек қазақ жерінде ғана емес, Мәскеу, Берлин, Исландия, Дания, Грузия секілді жерлерде қазақ өнерін насихаттады.

Болат Досановтың қарындасы Рахия Досанова ағасының домбыраға деген махаббаты туралы былай дейді:

"Ағам Болат ансамбльмен бірге 1977 жылы Бүкілодақтық ән-би фестиваліне, 1977 жылы Литваның астанасы Вильнюсте өткен "Дүниежүзілік жастар фестиваліне", 1981 жылы Грузияның 60 жылдығына арналған мәдени іс-шараға қатысты. Сонымен қатар, Мәскеуде өткен "Олимпиада-80" шеңберіндегі мәдени бағдарламада өнер көрсетті. Германияда 1974 және 1976 жылдары, Исландияда 1979 жылы гастрольдік сапармен болды. Сол кезде Батыс Германия жұртшылығы қазақтың өнеріне және ұлттық аспабына ерекше қызығушылық танытты", – дейді қарындасы.

Айта кетелік, "Ұлытау" ансамблі Бүкілодақтық және республикалық еңбекшілердің көркемөнерпаздар шығармашылығы фестивалінің жеңімпазы атанды.

Өнерді үйрену де – өнер. Әр адамды тұлға ретінде қалыптастыратын бір жан болады. Болат Досановты өнер жолына жетелеген – оның әжесі Әлима.

Болат аға балалық шағын еске ала отырып, былай дейді:

"11-12 жаста едім. Бір күні үйде үлкен жиын болды. Домбыра тартылып, ән айтылып жатты. Сыртта ойнап жүрген мен әсем сазға құлақ түріп, ішке жүгіріп кірдім. Сол сәтте дүйім жұртты аузына қаратқан адам – менің әжем Әлима екен. Жиын тарады. Ал менің есіл-дертім жаңағы тарытлған күй әуенінде, күйге тіл бітірген қара домбырада. Сол күннен бастап жатсам да, тұрсам да әжемнің домбьырасын құшақтап, сол кісінің қасынан шықпайтын болдым. Асық ойнағаннан гөрі домбыраны өзіме серік қылғанды жақсы көрдім. Әжеме рақмет – өз өнерін маған үйретуден жалықпады".

«Біздің Досановтар әулеті – өнердің тұнбасы. Әлима әжеміздің шапағаты мен өнегесінің арқасында Болат ағам жастайынан домбыраның қыр-сырын меңгеріп, кейінгі ұрпаққа мирас етті. Ол тек күй шертіп қана қоймай, жас буынға үйретіп, ұлттық рухты оятты. Домбыра тарту – жай ғана өнер емес, бұл – жүректің тілін сөйлету. Ол үшін ең алдымен туған еліңе, мәдениетіңе деген шексіз махаббат пен қызығушылық қажет», – дейді Болат Досановтың қарындасы Рахия Досанова.

Домбыра – қазақ халқының жаны. Оның үні – сайын даланың тынысы, бабалардың аманаты. Домбыраның күмбірі – шежіре, күйі – тарих. Ұлы Абай айтқандай, «Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй» – адамның жан-дүниесін тазартар киелі күш.

Қазіргі таңда Болат Кәрімұлы — жетпістен асқан ардақты ақсақал. Үш ұл-қызынан тараған бес немерелерінің қызығына бөленіп отырған қарияның жүрегі әлі де домбыраның күйіндей сыр шертеді. Өнер жолындағы өнегесін тоқтатпай, кейінгі буынға домбыра шертудің қыр-сырын үйретіп, ұлттық құндылықтарды насихаттап келеді. «Өнер – халықтың жаны» дегенді өмірлік ұстанымына айналдырған Болат аға — ұрпаққа өнеге, елге мақтаныш боларлық тұлға.

Болат Кәрімұлы сынды өнер тарландары – ұлттық мәдениетіміздің шамшырағы. Олар – ұлттың ұлы болмысын ұлықтап, рухани мұрамызды әлемге паш еткен шынайы тұлғалар. Мұндай азаматтарды ұмытпау – парызымыз, бағалау – қарызымыз. Себебі, олар – елдің абыройы, халықтың мақтанышы.

Домбыра – тек аспап емес, ол – рух. Оны сөйлете білген Болат Досановтай тұлғаларды ұмытпай, болашақ ұрпаққа үлгі ету – әр қазақтың азаматтық міндеті. Ұлттық домбыра күні құтты болсын!

Автор: Дина Болатова

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы алдағы Ұлттық домбыра күнімен құттықтады