Берік Сұлтанның сөзінше, боксшыға қатысты мәселе 8 қаңтарға жоспарланған В сынамасын ашу нәтижесінен кейін шешіледі
Бокстан орта салмақтағы WBO және IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының менеджері Берік Сұлтан спортшының допингке қатысты жағдайы қалай болып жатқаны және бұдан кейін қалай өрбитіні туралы айтты.
Берік Сұлтанның сөзінше, боксшыға қатысты мәселе 8 қаңтарға жоспарланған В сынамасын ашу нәтижесінен кейін шешіледі.
"Бұл бойынша екі сценарий бар. Егер 8 қаңтарда сынама таза болған жағдайда барлық атақты сақтап қаламыз және мансабымызды жалғастырамыз. Біз осылай болады деп үміттеніміз. Өйткені, шындық біздің жағымызда екені айқын. Егер жағдай басқаша өрбитін болса, Жәнібек атақтарынан айырылып, бокстан белгілі бір мерзімге шеттетілуі мүмкін. Мұндай жағдай тіркелсе де біз оған мойымаймыз. Алға қарай қадам баса береміз. Ол әлі жас, мансабы аяқталған жоқ" - деді Берік Сұлтан.
Берік Сұлтанның айтуынша, Жәнібек Әлімханұлы қазір Қазақстанға оралды және жақындарымен бірге уақытын өткізіп жатыр.
"Біз — тазамыз. Адалмыз. Өзімізге сенімдіміз. Бұл спорттың қыр-сырын білеміз және ресми шешімді күтеміз. Qazaq Style-дың атынан, өзімнің атымнан және Жәнібектің атынан сіздерге зор алғыс білдіргім келіп отыр. Мансабымызға қауіп төнген сәтте, шынымен қиын болған кезде халқымыз бізге жақын болды, қолдады, сенім білдірді, бізге үміт артатынын айтты. Бұл рухымызды шынымен көтерді. Бұған дейін қанша қан, қанша тер төгілді, қанша уақыт жұмсалды. Біз кезекті биік белесті бағындыруға өте жақын едік. Сол сәтте даулы жағдайға тап болдық. Адамдардың қолдауы, спортшылардың сөздері, жылы пікірлер бізге осыған төтеп беруге көмектесті", - деді Берік Сұлтан.
Оқи отырыңыз: Геннадий Головкин кәсіби мансабында қанша табыс тапқан