Алматыға сәтті жүргізілген ақпараттық турлардың нәтижесінде 30 мыңнан аса турист келеді деп жоспарланған
Алматыға әлемнің 11 елінен туроператорлар келді. Сұлу шаһарды көркейтіп, туристік әлеуетін дамытуға арналған бағдарламаның аясында саладағы жетекші 90 компанияның қызметкері қаланы аралап шығып, ақпараттық турға қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Биыл қалалық туризм басқармасы Ұлыбритания, Италия, Түркия, Оңтүстік Корея, Қытай сынды елдерден келген 90 кәсіби саяхатшыға ақпараттық тур ұйымдастырды. Жоба – мың жылдық тарихы бар, Алатау баурайындағы Алматының әсем көрінісі мен байлығын көпшілік назарына ұсынуды әрі мемлекеттер арасында ұзақ мерзімді серіктестік орнатып, шетелдік туристердің санын арттыруды көздейді.
"Ақпараттық турдың мақсаты – қаламыздың туристік әлеуетін халықаралық нарықта ілгерілету және елдер арасындағы туристік алмасуды ұлғайту. Сондай-ақ шетелдік әріптестермен байланысты кеңейту және нығайту болып табылады", – деді Туризм басқармасы Туризмді ілгерілету бөлімінің басшысы Еркебұлан Әбихан.
Өзге мемлекеттен келген қонақтар қаланың ғана емес, оның төңірегіндегі аймақтың да символына айналған әрі тарихи-мәдени құндылығын паш ететін, табиғаты әсем туристік орындарына да барып қайтты. Олардың қатарында – "Шымбұлақ" тау-шаңғы курорты, Шарын шатқалы, Көлсай көлдері бар. Жиын соңында отандық және шетелдік туроператорлар саладағы заманауи трендтер мен өзекті тақырыптарды бірлесе талдады.
"Оңтүстік Кореяға қызығушылық танытқан әрбір қазақстандыққа алғыс айтамын. Сіздерден елімізге турист көп келеді. Ал біз өз кезегімізде Алматыдай шаһарға ат басын бұрғанымызға, қызықты турлардың бар екеніне ризамыз. Тұтынушыларға айтылған ақпаратты жеткізуге тырысамыз", – деді туристік компанияның директоры Бомгю Чой (Оңтүстік Корея).
Биыл Алматыға сәтті жүргізілген ақпараттық турлардың нәтижесінде 30 мыңнан аса турист келеді деп жоспарланған. Тиісті келісімге шетелдік туроператорлар да қол қойып үлгерген.
Рүстем Айткәрім, Адель Ақжаркенова, Жақсылық Тілепберген
Оқи отырыңыз: Алматылық Юсуф Гусейнов қоршаған ортаны аялаудың үлгісін көрсетіп жүр