Дубайдан үш жүзден астам отандасымыз елге жеткізілді

03.03.2026 15:43

Біріккен Араб Әмірліктері әуе кеңістігін жауып, шетелдік ұшақтарды қабылдамай отыр

Дубайдан үш жүзден астам отандасымыз елге жеткізілді. Таяу Шығыстағы шиеленістің күшеюіне байланысты Араб елдерінде қалып қойған жолаушыларды әуе компаниялардың бірі алып келген, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазір Біріккен Араб Әмірліктері әуе кеңістігін жауып, шетелдік ұшақтарды қабылдамай отыр. Тек өз әуе тасымалдаушыларына жолаушылар алдындағы міндеттемелерін орындауға мүмкіндік берген. Бес мың қазақстандықты Таяу Шығыстан елге жеткізу үшін алты отандық компанияның ұшақтары дайын тұр. Ол үшін арнайы маршруттар белгіленген.

«Өңірдегі шамамен 10 ел өз әуежайын жапты, әуежай инфрақұрылымына да соққылар жасалды. Қазір рейстер арнайы келісілген бағыттар бойынша ғана, бірлі-жарым орындалып жатыр. Екі негізгі бағыт бар. біріншісі — Сауд Арабиясы мен Мысыр арқылы, сондай-ақ Түркия арқылы. Екінші бағыт — Сауд Арабиясы арқылы Пәкістан бағытымен Қазақстанға жету», – деді ҚР Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Қазақстанға бес жүзге тарта адам жеткізіледі. Ұшақтар Оман мен Сауд Арабиясынан ұшып шығады. Ең алдымен әйелдер мен балалар, 60 жастан асқандар және созылмалы аурулары барлар эвакуацияланады. Ал Ирандағы азаматтар Армения, Әзербайжан, Түрікменстан арқылы ғана шығарылады.

«Кеше Иранның солтүстігіндегі Горган қаласында болған шамамен 17 адамды Түрікменстан аумағы арқылы шығара алдық. Ол елдің билігі рұқсат беріп, азаматтарымыз дін аман шекараны кесіп өтті. Қазір олар Қазақстанға қарай жолға шықты, – деді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев.

Оқи отырыңыз: Таяу Шығыс елдеріндегі отандастарымызды әуе компаниялар елге жеткізуге дайын

Теги: Дубай