Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күні: ІІМ қандай жұмыстар атқарылғаны туралы айтты

24.07.2026 12:39

Профилактикалық жұмыстар қылмыстың осы түріне қарсы іс-қимылдың ең тиімді құралдардың бірі болып қала береді

t.me/POLICE_of_KZ

30 шілдеде БҰҰ бастамасымен Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күні атап өтіледі. Биыл ол қанаудың жаңа түрі адам саудасының құрбандарын ең алдымен онлайн-алаяқтық саласында қылмыс жасауға мәжбүрлеу нысанына назар аударуға арналған «Алаяқтық тұзағында» ұранымен өтеді., деп хабарлайды Almaty.tv.

Осыған байланысты профилактикалық жұмыстар қылмыстың осы түріне қарсы іс-қимылдың ең тиімді құралдардың бірі болып қала береді. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстелде ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің Үшінші басқармасының бастығы Самат Құсетов мәлімдеді.

Оның айтуынша, ҚР Қылмыстық кодексінде қанаудың барлық түрлері үшін, соның ішінде мәжбүрлі еңбекке тарту, сексуалдық қанау және қайыршылықпен айналысуға мәжбүрлеу фактілері бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделген.

«Осындай қылмыстарды анықтау мен жолын кесу мақсатында жүйелі түрде жедел-іздестіру және профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі. Жыл басынан бері полиция бөлімшелері адам саудасына қатысты 80-нен астам қылмысты анықтады. Сондай-ақ екі ұйымдасқан қылмыстық топтың заңсыз қызметі тоқтатылды», – деді спикер.

Сонымен қатар, оның айтуынша, Қазақстан аумағында азаматтарды интернет-алаяқтық саласындағы қылмыстарды жасауға мәжбүрлеу фактілері тіркелмеген.

Дегенмен шетелде Қазақстан азаматтарын арбап тарту жағдайлары болған.

Бұдан бөлек, жезөкшелікпен айналысуға үй-жай беру, жыныстық сипаттағы өзге де қызметтер көрсету фактілерінің жолын кесу жұмыстары жалғасуда.

Осы бағытта 700-ден астам әкімшілік іс тіркеліп, жалпы сомасы 213 млн теңгеден астам айыппұл салынды.

Оқи отырыңыз: Алматыда жыл басынан бері заңсыз салынған 41 нысан сүрілді