Дүниежүзілік донорлық күні: Қазақстанда трансплантаттау оталарының саны өсті

13.08.2026 10:18

Соңғы жылдары елімізде трансплантаттау операцияларының саны тұрақты өсіп келеді

Аlmaty.tv

13 тамызда Дүниежүзілік донорлық күні атап өтіледі. Бұл күн ағза трансплантаттауын күтіп жүрген адамдарға және донорлықтың адам өмірін сақтап қалудағы маңызына назар аударуға арналған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, бүгінде Қазақстанда ағза трансплантаттауын 4 739 адам, оның ішінде 125 бала күтуде. Пациенттердің басым бөлігіне бүйрек қажет – 4 208 адам бүйрек трансплантаттауын күтсе, 293 адамға бауыр, 208 адамға жүрек, 30 пациентке өкпе трансплантаттауы қажет.

Соңғы жылдары елімізде трансплантаттау операцияларының саны тұрақты өсіп келеді. 2023 жылы 236 операция жасалса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 260-қа, ал 2025 жылы 310-ға жетті. 2026 жылдың алғашқы алты айында тағы 150 трансплантаттау операциясы жүргізілген. Оның 30-ы қайтыс болған донорлардан алынған ағзалар арқылы жасалды.

Қайтыс болғаннан кейінгі донорлық көрсеткіші өсті

Қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты дамыту бағытында да оң динамика байқалады.

2023 жылы 49 әлеуетті донор анықталса, 2024 жылы олардың саны 86-ға, 2025 жылы 186-ға жетті. Ал 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында 108 әлеуетті донор анықталған.

Сегіз жағдайда мультиағзалық алу жүргізілген. Бұл бір донордың ағзаларын бірнеше пациентке трансплантаттауға мүмкіндік береді.

Бұл ретте әлеуетті донор дегеніміз – ағзалары автоматты түрде алынатын адам емес. Алдымен дәрігерлер консилиумы белгіленген тәртіппен ми өлімін анықтап, пациенттің донорлыққа қойылатын медициналық талаптарға сәйкестігін бағалайды. Одан кейін адамның көзі тірісіндегі ерік білдіруі тексеріліп, заңнамада көзделген рәсімдер жүргізіледі.

Қазақстандықтар донорлыққа қатысты шешімін eGov арқылы тіркей алады

Қазақстан азаматтары қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа қатысты өз шешімін алдын ала eGov арқылы тіркей алады.

Қазіргі таңда 172 283 адам өз ұстанымын білдірген. Оның ішінде 16 109 адам қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім берген, ал 156 174 адам бас тартқан.

Денсаулық сақтау министрлігі донорлық туралы шешім адамның жеке әрі ерікті таңдауы екенін атап өтеді. Бұл ретте азаматтарға дұрыс шешім қабылдауы үшін толық әрі түсінікті ақпарат ұсыну маңызды.

Донорлық туралы ақпараттандыру жұмысы жалғасып жатыр

Донорлық тақырыбы медицина мамандарымен қатар пациенттерді, олардың отбасыларын, қоғамдық ұйымдар мен азаматтарды да біріктіріп келеді.

Мәселен, 9 тамызда Астанада «Heart Center Foundation» қоғамдық қоры ұйымдастырған дәстүрлі Jüregımnıñ Jeñımpazy қайырымдылық жүгіріс-фестивалі өтті. Іс-шараға шамамен 7 мың адам қатысты.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Трансплантаттау және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталығы іс-шараға дәстүрлі түрде әріптес болды.

Республикалық орталық трансплантаттау қызметін дамыту, донорлықты үйлестіру жүйесін жетілдіру, медицина мамандарын даярлау және халықтың хабардарлығын арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастырып келеді.

Бүгінде трансплантаттауды күтіп жүрген 4 739 адамның әрқайсысы – нақты пациент және оның отбасы. Донорлық ағза олар үшін өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беретін маңызды үмітке айналуы мүмкін.

Оқи отырыңыз: Еңбек нарығы нығайып келеді: Қазақстанда ресми жұмыс істейтіндер саны артты

Толық көрсету