Тарих қойнауына көз жүгіртсек, 1990 жылдың 25 қазаны – қазақ мемлекеттілігінің жаңа дәуіріне жол ашқан күн
Азаттықтың ақ таңы атып, елдік мұрат еңсе тіктеген тарихи күн. Бүгін – қазақ халқының дербес мемлекет болуға жасаған алғашқы қадамын айшықтайтын Республика күні. Осыдан 36 жыл бұрын, 1990 жылдың 25 қазанында Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданып, тәуелсіздіктің құқықтық іргетасы қаланды. Бұл құжат елдің өз тағдырын өзі шешуіне, ұлттық мүддесін қорғап, дербес даму жолын таңдауына мүмкіндік ашты. Ендеше егемендікке бастар жол қалай қалыптасты? Ұлт шежіресіндегі ұлық күннің тарихын Almaty.tv тілшісі тарқатады.
Тарих қойнауына көз жүгіртсек, 1990 жылдың 25 қазаны – қазақ мемлекеттілігінің жаңа дәуіріне жол ашқан күн. Кеңестік жүйенің саяси тұғыры шайқалып, одақтас республикалар егемендікке ұмтылған алмағайып кезеңде Қазақстан да дербестікке бет бұрды. Сол күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінде ел тағдырын айқындайтын тарихи құжат дауысқа салынып, 261 депутаттың қолдауына ие болды. Осылайша, 17 тармақтан тұратын Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданды. Құжатта жердің тұтастығы, мемлекеттік биліктің дербестігі мен ұлттық мүддені қорғау қағидалары бекітілді.
"90-жылғы 25 қазаннан басталған Тәуелсіздік Декларациясы қабылданғаннан бастап, біз ылғи дамудың үстінде келе жатырмыз. Себебі Қазақстан Республикасы өзінің шекарасын немесе егемендігін бекітіп қойған жоқ, ол экономикалық тұрғыдан да, рухани жағынан да үлкен дамудың жолына түсті. Тәуелсіздіктің нәтижесінде бүгінгі таңда ҚР әлемдегі дамыған елдердің қатарында деп айтуға мүмкіндік бар", - деп атап өтті саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Жомарт Сімтіков.
"Егемендіктің ең басты шарты – бұл өзінің жалпы барлық территориясында жеке дара билікті жүргізу, ішкі, сыртқы саясатын дербес жүргізу және де басқа әлемдегі мемлекеттермен тепе-тең әлемдік сахнада егеменді ел болу. Міне осы мақсаттар тұрды", - дейді философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Айгүл Сәдуақасова.
Егемендікке бастар жол көп ұзамай тәуелсіздіктің даңғылына ұласты. 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан дербес мемлекет екенін әлемге жария етті. Көк байрағы көкте желбіреп, Елтаңбасы елдігін айшықтады. Әнұранымыз асқақтап, ұлттық теңге айналымға енді. Шекара шегенделіп, алыс-жақын мемлекеттермен дипломатиялық байланыс орнады. Осылайша, бабалар аманаты болған азаттықтың ақ таңы атып, Қазақстан халықаралық қауымдастықтан өз орнын алды.
"Егемендіктің маңызы бұл Қазақстанның туған күнін белгілеп берген құжат. Туған күн деген екеу болмайды, ол біреу ақ болады, жалғыз болады. Бұдан кейін ешқандай мәжіліс, парламент егемендік туралы декларация қабылдамайды. Біз солай сенуіміз керек. Өйткені біз қазақ мемлекетінің негізін қаланды деп есептесек, енді соны ары қарай баянды ету бүгінгі ұрпақтың, біздің міндетіміз", - деп айтты Қазақстанның Еңбек Ері Асқар Жұмаділдаев.
Дегенмен ұлт шежіресіндегі айтулы күннің мерекелік мәртебесі жылдар өте бірнеше мәрте өзгерді. 1995 жылы Республика күні ұлттық мереке ретінде жарияланғанымен, араға алты жыл салып мемлекеттік мерекелер санатына ауысты. Ал 2009 жылы ресми күнтізбеден мүлде алынып тасталды. Сөйтіп, егемендіктің алғашқы қадамын айшықтайтын тарихи дата он үш жыл бойы ресми мереке ретінде тойланбады. Тек 2022 жылы 25 қазан қайта жаңғырып, ұлттық мереке мәртебесін иеленді. Осылайша, елдік тарихындағы елеулі күннің маңызы қайта дәріптелді.
"Елдің тарихи жадын жаңғырту үшін үйлесімді саясаттың болуы ерекше маңызды. Осы орайда біз ел дамуының жаңа басымдықтарын белгілеп алуымыз керек. Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер күнтізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күнінен ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын", - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Егемендік декларациясының қабылданғанына 36 жыл. Осы уақыт ішінде Қазақстан талай сындарлы кезеңді артқа тастап, мемлекеттілігін нығайтты. Ал 25 қазан – сол тарихи жолдың алғашқы белесін айшықтайтын қастерлі дата. Өйткені тәуелсіздік – өткеннің өнегесі, келешек ұрпаққа қалатын ең қымбат аманат.
Мәди Мәлік, Ернат Болатбек - Almaty TV телеарнасы.
Оқи отырыңыз: Республика күніне орай Алматы қаласында үлкен мерекелік OPEN AIR концерті өтеді