Егемендік декларациясы – тәуелсіздіктің алтын қазығы

23.10.2026 21:45

1990 жылғы 25 қазанда Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды

Республика күні – еліміздің тарихындағы орны ерекше ұлттық мереке. 1990 жылғы 25 қазанда Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл – құжат елдің тәуелсіздікке қарай жасаған ең алғашқы және ең маңызды құқықтық қадамы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Декларацияның қабылдануы Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуына құқықтық негіз қалады. Құжатта ел аумағының тұтастығы мен оған қол сұғылмауы маңызды мемлекеттік қағидаттар ретінде бекітілді. Заң ғылымдарының докторы, профессор Жамаладен Ибрагимовтің айтуынша, Республика күнінің маңызы тарихи оқиғамен ғана шектелмейді. Бұл мереке отандастарды біріктіріп, ортақ құндылықтарды құрметтеуге үндейді.

«Қазақстанның декларациясының жариялануы – тәуелсіздіктің негізін салудың алғашқы қадамы. Өйткені жалпы құқық ғылымында тәуелсіздікті жариялау үшін ең алдымен мемлекет өзінің егемендігін жариялауы керек. Сондықтан бұл мемлекет,  ел үшін өте құрметті статус, мәртебесі өте жоғары. Өйткені бұл мереке азаматтарды бірлікке шақырады, ұлтаралық бірлікті қастерлеуге үндейді», – деді заң ғылымдарының докторы, профессор Жамаладен Ибрагимов.

Республика күнінің мәнін жастар да жақсы түсінеді. Елордалық студент Сұлтан Ертарғынұлының пікірінше, ел тарихын білу мен ұлттық құндылықтарды сақтау – бүгінгі ұрпақтың міндеті. Ол Республика күнін тәуелсіздіктің қадірін түсініп, ел алдындағы жауапкершілікті сезінетін маңызды дата деп санайды.

«Бұл – тарихымыздың негізін қалған күндерінің бірі. Себебі  азаттығымызды, аманаттымызды түсіне бастайтын күндердің бірі деп ойлаймын. Тәуелсіздігіміз оңай жолмен келемеді. Тарихымызды білеміз, құрметтейміз де, әрқашан да дәріптеп жүруге тырысамыз. Ол – міндеттеріміздің бірі», – деді студент Сұлтан Ертарғынұлы

Егемендік декларациясы – Тәуелсіздіктің алтын қазығы. Биыл оның қабылданғанына 35 жыл толды. Осы жылдар ішінде құжаттың тарихи маңызы асқақтамаса, кеміген жоқ. Кемімейді де. Ал 25 қазан – сол тарихи шешімнің маңызын айқындайтын, ел тарихындағы орны ерекше Республика күні.

Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астанадан

Оқи отырыңыз: Дархан Сатыбалды Алматыда қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды

Толық көрсету