Екі баласын лақтырған: Павлодардағы жантүршігерлік оқиғаға оқушылар куә болған

30.07.2025 20:45

Балалар бұл әйелдің бұған дейін де терезеден секіруге әрекет жасағанын айтты

Павлодарда әйел адамның көпқабатты үйдің терезесінен екі кішкентай баласын лақтырып, кейін өзі секірген жантүршігерлік оқиғасына аулада ойнап жүрген балалар куә болған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.  

Оқиға 30 шілдеде күндіз, Павлодар аудандарының бірінде болған. Аулада болған балалардың айтуынша, алдымен қатты айқай естіген, содан кейін жоғарғы қабаттың терезесінен екі кішкентай баланың құлағанын көрген. Бірнеше секундтан кейін әйелдің өзі де секіріп кеткен. Қорқып кеткен мектеп оқушылары үлкендерді шақырып, болған жайды айтып берген.

"Ол "Шетке тұрыңдаршы, өтініш, басқа жақта ойнаңдар" деді. Сосын кішкентай ұл баланың терезе жақта тұрғанын көрдім, ол оны лақтырып жіберді, содан кейін үлкен баланы, кейін өзі секіріп кетті", – деді балалардың бірі.

Полиция қызметкерлері баланың ата-анасының қатысуымен берген куәлігін жазып алды.

Қайғылы жағдайдың куәсі болған балалар бұл әйелдің бұған дейін де терезеден секіруге әрекет жасағанын айтты.

Айта кетейік, Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы балалардың жағдайы туралы мәлімет берді.

"2024 жылы туған бала клиникалық өлім жағдайында жеткізілді, қабылдау бөлмесінде реанимациялық шаралар жүргізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылды. Жағдайы 3-дәрежелі травматикалық шок, 3-дәрежелі кома, көлемді бас сүйек-ми жарақаты, бас сүйегінің көптеген зақымдануы, бас миының контузиясы, ішкі ағзалардың контузиясы салдарынан өте ауыр", - делінген хабарламада.

2017 жылы туған баланың бассүйек-миы жабық жарақаттанған, миы шайқалған, жамбас сүйегі сынған, ішкі ағзалары зақымдалған. Оның жағдайы ауыр, аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылған. Ведомство мәліметінше, барлық қажетті емдеу-диагностикалық шаралар жүргізіліп жатыр.

1991 жылы туған әйел есін біледі, жағдайы ауыр деп бағаланады. Жабық бас-ми жарақаты, аяқ-қол сүйектерінің сынуы диагнозы қойылған. Жансақтау бөлімінде қарқынды терапия жүргізіліп жатыр.

Облыстық полиция департаменті тергеу жүргізіп жатқанын хабарлады.

Есек салайық, 30 шілдеде Павлодардағы Нұрмағамбетов көшесінде орналасқан үйдің 4 және 5 қабаттарының арасындағы кіреберіс терезесінен екі бала мен әйел құлағаны анықталды.

Оқи отырыңыз: Павлодарда анасы терезеден лақтырып жіберген екі баланың жағдайы белгілі болды