Екі өңірде 54 млн теңгенің жанар-жағармайының көлеңкелі айналымы тоқтатылды

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Аталған деректер Экономикалық тергеу департаменттеріне жолданды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мемлекеттік кірістер комитетінің еліміздің екі облысында жалпы сомасы 54 миллион теңгеден асатын 247 мың литрден астам мұнай өнімдерінің көлеңкелі айналымы тоқтатылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Комитеттен хабарлағандай, Алматы қаласында және Абай облысында жанар-жағармай материалдарының заңсыз айналымының ірі фактісінің жолы кесілді.

«Мәселен, 2025 жылғы 30 сәуірде Алматы қаласындағы мұнай базаларының бірінде тексеру іс-шаралары барысында 35 миллион теңгеден астам сомада 177 100 литр жанар-жағармай материалы анықталды. Өнімдер резервуарларда, бензин тасымалдау көліктерінде және пластик ыдыстарда тиісті құжаттарсыз сақталған», - делінген хабарламада.

Материалдар процестік шешім қабылдау үшін Алматы қаласының Экономикалық тергеу департаментіне жолданды.

Сондай-ақ 25 сәуірде Семей қаласында (Абай облысы) жүргізілген жоспардан тыс салықтық тексеру нәтижесінде салық есебіне алынбаған, қызметті заңсыз жүзеге асырған, тіркелмеген автожанармай құю станциясы анықталды.

«Құны шамамен 19 миллион теңге 70 тоннадан астам мұнай өнімдері алынды. Материалдар Абай облысының Экономикалық тергеу департаментіне жолданды», - делінген комитет хабарламасында.

Акцизделетін тауарлардың заңсыз саудасы экономикаға зиян келтіріп, адал кәсіпкерлер үшін теңсіз жағдай туғызады және қоршаған орта мен халық қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін.

Мемлекеттік кірістер комитеті азаматтарды осындай заңбұзушылықтар туралы МКК аумақтық бөлімшесіне немесе 1414 нөмірі бойынша Call-орталық арқылы хабарлауға шақырады.

Оқи отырыңыз: Жыл басынан бері мүгедектігі бар адамдар 225 мыңнан астам қызметті онлайн алды

Новости партнеров