Тәрбиешілер қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға шақырды
Экомәдениет балабақшадан басталуы керек. Осы мақсатта Алматыдағы №91 бөбекжайда «Эко әлем» ойындар семинары өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Онда тәрбиешілер мен әдіскерлер балаларды 5 топқа бөліп, тұрмыстық қалдықтарды ұқыпты пайдалануға үйретті, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға шақырды. Мамандардың сөзінше, әр балаға осы кезден бастап табиғатты аялауды, қоқысты сұрыптауды, суды үнемдеуді, жасыл желекке қамқор болуды үйрету – болашақта саналы азамат тәрбиелеудің негізі. Сондықтан ұстаздар әр апта сайын экология тақырыбында қызықты сабақтар өткізеді. Семинар барысында мектепке дейінгі ұйымдарда экологиялық бағыттағы ойындарды көбейту, оларды білім беру ұйымдарына кеңінен тарату қажет екені айтылды.
«Балаларымыз табиғатты, елімізді, жерімізді мәпелеп, аялап, бағалап өсуі керек. Соған байланысты біз балабақшада әртүрлі тұрмысқа керексіз заттардан түрлі ойындар жасадық. Ағаштардан көптеген дамытушы ойындар жасап, күнделікті балалар ойнап жатыр», – деді № 91 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Гүлзия Ділмағамбетова.
Оқи отырыңыз: Түркістан облысында белсенді жастарды марапаттады