Экзотикалық елдерден келетін инфекция: Алматылық дәрігерлер демалушыларға ескерту жасады

12.05.2026 15:30

Таиланд пен Вьетнамнан оралған туристер арасында ішек инфекциясы тіркелді

Медицина мамандары алматылықтарды экзотикалық елдерден келетін инфекциялардан сақ болуға шақырып отыр. Жыл басынан бері шетелдік сапардан кейін қала тұрғындары арасында ішек инфекциясын жұқтырған 4 жағдай және функционалдық іш ауруының тағы 1 дерегі тіркелді, — деп хабарлайды Almaty.tv.

Белгілі болғандай, науқастар Таиланд пен Вьетнам елдерінен оралған. Кейбір тұрғындар экзотикалық жемістерді тұтынғаннан кейін өзін жайсыз сезінсе, енді бірі шомылу кезінде байқамай су жұтып қойған. Тіпті әуежайдан сатып алынған тағамнан уланғандар да бар.

Соған қарамастан, шаһардағы жалпы эпидемиологиялық ахуал тұрақты деп бағалануда. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында қалада жедел ішек инфекциясының 48 жағдайы тіркелді. Бұл көрсеткіш былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 21,1 пайызға төмен. Айта кетерлігі, ауру жұқтырғандардың 73 пайызы — 14 жасқа дейінгі балалар. Әсіресе екі жасқа толмаған бүлдіршіндер арасында вирус жиі кездеседі.

Алматы қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гаухар Қаткенова көктем-жаз мезгіліндегі қауіп туралы ескертті:

«Көктем-жаз кезеңі — эпидемиологиялық ахуал ушығатын уақыт. Бұл мезгілде улану мен жұқтыру деректері жиілейді. Қазіргі таңда тексерістер жүріп жатыр. Кәсіпкерлік кодексі негізінде тұрғындардың шағымы бойынша бірнеше мекемеге сараптама жасалды. Көбіне бұл санитарлық норма сақталмаған жерлерде тағам тұтыну салдарынан болады», — деді Гаухар Қаткенова.

Мамандар демалыс кезінде жеке гигиена ережелерін қатаң сақтауға және күмәнді орындардан ас ішпеуге кеңес береді.

Оқи отырыңыз: Қазақстанның агросекторына ЖИ мен цифрлық платформалар енгізілуде