Елде адам саудасымен айналысқан 2 ірі қылмыстық топ анықталды

24.07.2026 20:29

Биыл 80-нен аса қылмыстық іс тіркелген

Елімізде жыл басынан бері адам саудасына қатысты 80-нен аса қылмыстық іс тіркелген. Сондай-ақ құқық қорғау органдары заңсыз әрекетпен айналысып келген екі ірі ұйымдасқан қылмыстық топты анықтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстанда адам саудасына қатысты 80 қылмыстық іс тіркелді. Сонымен қатар жыл басынан бері бұл бағытта 758 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, жауаптыларға жалпы сомасы 213 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Құзырлы органдардың мәліметінше, әкімшілік істердің басым бөлігі жезөкшелікпен айналысуға арналған орын ұсыну және жыныстық сипаттағы заңсыз қызметтерді ұйымдастыруға байланысты тіркелген. Бұдан бөлек, осы уақытқа дейін адам саудасымен айналысқан 2 ірі ұйымдасқан қылмыстық топтың заңсыз әрекетіне тосқауыл қойылған.

«Алматы қаласында қылмыстық пайдалану мақсатында адам саудасымен айналысқан ұйымдасқан топқа қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Қылмыстықтық топ Алматы, Шымкент қалаларында беделді автокөліктерді одан әрі ресімдеу мақсатында белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарды пайдаланған. Олардың атынан заңсыз әрекеттермен айланысқан», – деді ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Самат Құсетов.

Жауаптылардың айтуынша, соңғы уақытта аңқау отандастарымызды шетелдегі жалған жұмыс ұсыныстарымен алдап, қылмыстық әрекеттерге тарту жағдайлары да жиілеген. Осыған байланысты құзырлы органдар шетелде қиын жағдайға тап болған азаматтарды елге қайтару жұмыстарын жүргізіп жатыр.

«Сыртқы істер министрлігі шетелдегі Қазақстанның елшіліктері мен консулдықтары арқылы адам саудасының алдын алу бағытында тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Әсіресе Оңтүстік-Шығыс Азиядағы «Алтын үшбұрыш» деп аталатын қауіпі жоғары елдерге ерекше назар аударылады. Осы аптада аталған өңірден тағы бірнеше қазақстандық елге қайтарылды», – деді ҚР Сыртқы істер министрлігі Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Станислав Василенко.

Ішкі істер министрлігінің өкілдері адам саудасы мен жыныстық қатынасқа мәжбүрлеуге қатысты материалдарды да қатаң бақылауға алғанын айтты. Ведомствоның мәліметінше, биыл заңсыз ақпарат тараған 8 мыңға жуық интернет-ресурс бұғатталыпты.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда адам саудасының алдын алу үшін интернетке бақылау күшейтілді