Елде аутизм диагнозы қойылған адамдар саны артып келеді

Елімізде 80 медициналық оңалту орталығы жұмыс істейді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде 18 мың адамға аутизм диагнозы қойылған. Бұл былтырғы статистикамен салыстырғанда 20 пайыз көп. Олардың 97 пайызы кәмелет жасына толмаған бала. Жыл сайын артқан санға алаңдаушылық білдірген дәрігерлердің айтуынша, нақты көрсеткіш бұдан да жоғары болуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Елде аутизм диагнозы қойылған адамдар саны жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2024 жылы 11 287 бала болса, өткен жылы 15 мыңға дейін өскен. Ал биыл аутизм спектрінің бұзылысы анықталған бала саны 18 мыңнан асыпты. Мамандар мұндай өсімді дер кезінде медициналық тексеруден өтпеумен байланыстырады.

«1-3 жас аралығында жақсы даму болады, одан кейін балада процесс баяулайды. Ата-аналар тарапынан баланы ерте диагностикаға шақырамыз.  Өйткені балаға ерте коррекция жасау арқылы 80 пайыз көмек көрсете аламыз. Статистика бойынша атап өтетін болсақ 3 жастан 7 жасқа дейін 70-80 пайыз балаларда диагноз қойылады. Ата-аналар тарапынан аутизмді көбісі қабылдамайды», деді Түркістандағы менталды бұзылысы бар балаларға арналған орталықтың директоры Айнұр Қалдыбаева.

Сондай-ақ сарапшылар қазіргі таңда аутизм мәселесі тек балалар арасында ғана емес, ересектер арасында да өзекті болып отырғанын атап өтті. Олардың айтуынша, балабақша мен мектептерде инклюзивті қолдау біршама жолға қойылғанымен, оқу орнын тәмамдағаннан кейін мұндай азаматтар жүйеден тыс қалып жатады. Бұған негізгі себеп  білім беру жүйесінің аутизмі бар балалардың әрі қарайғы өміріне толық бейімделмеуі.

«Колледжден кейін де көптеген мәселелер бар. Өйткені ол жақтағы білім беру жүйесі аутизмі бар балаларға әлі де бейімделмеген. Соның кесірінен көптеген теориялық материалдарды игеру оларға қиын. Оның орнына бірден практикаға бейімделген материалды қолмен жасап үйренсе, тиімдірек болатын еді. Сондықтан қор заң жүйесінде өзгеріс енгізсе екен деп Үкіметке түрлі ұсыныстар жасап жатырмыз», қоғамдық қордың инклюзивті және әлеуметтік жобаларының жетекшісі Самал Әлбілекова.

Ал ата-аналардың айтуынша, оқу орындарында балалардың қызығушылығы мен қабілетіне сай мамандықтар жеткілікті деңгейде қарастырылмаған. Соның салдарынан олар мамандық таңдауда қиындыққа тап болып, қосымша әбігерге түсіп отыр.

«Қазір колледж іздеп жүрміз. Балам «Болашақ» оқу-өндірістік комбинатына барып жүр, сол жерде меңгеріп жатқан кәсібін әрі қарай дамытқанын қалаймыз. Сондықтан алдағы уақытта колледжге түсуді жоспарлап отырмыз. Алайда сұрастырып көргенімде, біздің балаларға арналған «аспаз-кондитер» мамандығы жоқ екен. Тек тігін өндірісі бағыты ғана бар», деді ерекше баланың анасы Баян Бұйырған.

Айта кетейік, қазіргі таңда елімізде 80 медициналық оңалту орталығы жұмыс істейді. Оның ішінде 20-сы ерте араласу орталығы. Сонымен қатар әлеуметтік қорғау жүйесінде 8 күндізгі орталық, ал білім беру саласында 11 түзету орталығы балаларға қызмет көрсетеді.

Мәди Бижан Астанадан

Новости партнеров