Елде кәмелетке толмаған 15 мыңға жуық балаға аутизм диагнозы қойылған

03.11.2025 20:45

Дәрігерлер логопед, дефектолог, психолог секілді арнайы мамандар мен түзету орталықтары жетіспей жатқанын айтты

Соңғы уақытта Қазақстанда аутизмі бар балалардың саны айтарлықтай өскен. Биыл қыркүйектегі мәліметке сәйкес, елде кәмелетке толмаған 15 мыңға жуық адам осы ауруға шалдыққан. Бұл былтырмен салыстырғанда шамамен 18 пайыз көп. Сарапшылардың талдауына сенсек, аутизм диагнозы қойылған әрбір бесінші бала 5 жасқа толмаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Елде аутизм белгісі бар балалардың саны жыл санап көбейіп келеді. 2020 жылы мұндай диагноз 3 мың 660 адамға қойылса, 2024 жылы олардың саны 11 мың 287-ге жеткен. Яғни, 4 жыл ішінде көрсеткіш 3 есе артқан. Ал биыл қыркүйектегі мәлімет бойынша, елде аутизм спектрінің бұзылысы бар 15 мыңға жуық бала тіркелген. Ranking.kz сарапшыларының талдауына сәйкес, олардың 3 мыңы 5 жасқа да толмаған. Ал басым бөлігі, яғни 11 мыңға жуығы 6 мен 14 жас аралығындағылар. 15-тен 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер саны 800-ден асады. Дәрігерлер салдарынан елде логопед, дефектолог, психолог секілді арнайы мамандар мен түзету орталықтары жетіспей жатқанын айтты.

«Өкінішке қарай мамандар жетпейді. Өйткені аутизм диагнозы балалары көбейіп жатыр. 2020 жылы маған келетін 10 науқастың төртеуі осы ауруға шалдықса, қазіргі таңда көбейіп жатыр», – деді оңалту орталығының невролог дәрігері Маржан Қыстаубаева.

Мамандардың айтуынша, баланың тым тұйық болуы, көзге тіке қарамауы немесе керісінше, шамадан тыс қимылдауы – ата-ана назар аударатын белгілер. Дәрәгерлер көбі мұны жай еркелікке балап, мән бермейтінін айттын. Кейде тіпті, диагноз қойғанның өзінде оны қабылдай алмай, уақыт өткізіп алатындар да бар екен.

«Көбінесе ата-аналар бірінші диагноз аутизм болса да, тілі шектеулі, түсінбейді, гиперактивный деп келеді». Скрининг  ата-аналармен бірге жасауға тырысамыз. Сонда олар көреді. «Расында да менің баламда аутизм рискі бар екен» деп көнеді», – деді Маржан Қыстаубаева.  

Аутизмге шалдыққан баласын емдеп жүрген аналардың бірі - Айжан Байтышқанова. Оның қызы Аружанға бұл диагноз екі жасында қойылыпты. Айтуынша, бастапқыда отбасы бұл жаңалықты қабылдай алмаған. Әсіресе, әкесі бәрі жақсы болады деп үміттеніпті. Ал диагноз толықтай расталған соң, білікті маман табу қиын болған. Тапқан күннің өзінде, дәрігердің қабылдауына кіру үшін ұзақ кезек күтуге мәжбүр болыпты. Айжанның айтуынша, отбасы емге ай сайын кемінде 1 миллион теңге қаражат жұмсаған.

«Ай сайын шамамен 1 миллион теңге емге жұмсаймыз. Бұған қоса, қызым түрлі дәрумендер қабылдауы қажет. Аружанға сирек кездесетін «эмаль эрозиясы» деген диагноз қойылған, сондықтан ай сайын тіс дәрігеріне де барып тұрамыз. Бұл қызмет түрі тегін емес, бағасы да өте қымбат. Бұдан бөлек, нейропсихологқа да тұрақты түрде қаражат кетеді», – деді анасы Айжан Байтышқанова.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сай, аутизмнің дамуына ананың жүктілік кезінде қант диабетімен ауыруы, баланың шала немесе ауыр жағдайда дүниеге келуі, сондай-ақ қоршаған ортаның әсері себеп болуы мүмкін. Ал мамандар ауруды дер кезінде анықтап, онымен күрес жүргізудің маңыздылығын айтады. Уақыт өткізіп алмай, дереу дәрігер көмегіне жүгінген жөн. Себебі диагноз ерте анықталса, бала қоғамға тез бейімделіп, оның қалыпты өмірге үйренісуі оңайырақ болмақ.

Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген

Оқи отырыңыз: Кедергісіз алдын-алу: онкоскринингтен тегін және МӘМС-сыз өтуге болады