Елде құрылыс материалдары қымбаттады

06.08.2025 16:58

Тиісті мекеме мамандары бұл өсімдерді шетелдік валютаның тұрақсыздығымен байланыстырып отыр

Елде құрылыс материалдары қымбаттады. Биыл ауыр бетон, кірпіш сияқты негізгі құрылыс материалдарының құны 1-7 пайыз аралығында көтерілген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстанда құрылыс материалдарының бағасы шарықтап барады. Бұл жағдайды сатушылар да растап отыр. Өткен жылы бір қап цемент 2400 теңге тұрса, бүгінде бағасы 3000 теңгеге дейін жеткен. Тіпті қарапайым құрылыс материалдарына пайдаланатын көбік бірден 700 теңгеге қымбаттаған. Кәсіпкерлердің айтуынша, мұндай баға өсімі саудаға айтарлықтай кедергі келтіріп отыр.

«Нарықтағы бағалар өте қымбат, соған байланысты халық бізге наразылығын білдіреді. Құрылыс материалдарына пайдаланатын көбік, құрғақ қоспа, электр тауарларының бағасы қымбат», – деді саудагер Мәди Төлемісов

Құрылыс материалдарының қымбаттауы өз ісін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлерге де әсерін тигізді. Батыржан Ибраев 2022 жылы алғашқы клиникасын ашқанда құрылысқа шамамен 15 миллион теңге жұмсаған. Үшінші нүктесін ашуды үйғарған кәсіпкер қазір керек заттардың бағасы 20 пайызға өскенін байқапты.

«Құрылыс материалдарының бағасы өскен. Салыстырмалы түрде қарасақ. жылдан жылға 10-15, кейбір тауарлар 20 пайызға дейін өскен. Құрылыс материалдарын уақытысында жеткізіп тұруымыз керек, жұмыс тоқтамауы керек. Жеке инвесторлардың қаржысымен жасаймыз, сондықтан баға, сапасы маңызды», – деді жеке кәсіпкер Батыржан Ибраев.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қарасты Құрылыс комитетінің мамандары бұл өсімдерді шетелдік валютаның тұрақсыздығымен байланыстырып отыр.

«Елімізде құрылыс материалдарының бағасының өсуіне рубль, евро, АҚШ долларының бағамының тұрақсыз болуы әсер етуде. 2024 жылдың қорытындысы бойынша отандық тауарлардың үлесі 66.7 пайызға, импорт үлесі 33.3 пайызға дейін құрады», – деді Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитетінің баспасөз хатшысы Жанерке Сағымжан.

«Құрылыс материалдары былтырғыға қарағанда 30 пайызға өсті деп айтуға болады. Өйткені 1-2 мысал келтірейін кірпіштің бағасы 70 теңге болса қазір 120 теңге.  Өзіміздің өндіруішлер бар, бірақ толық жетпейді», – деді құрылыс одағы басшысының орынбасары Ақан Бақытжан.

Комитет мәліметінше, елде құрылыс индустриясына инвестиция тарту бағытында белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Оның қатарында Қызылорда облысында шетелдік инвестордың қатысуымен санитарлық фаянс өндіретін зауыт салу жобасы бар.

Сонымен қатар жақын арада ламинацияланған жабындар, керамикалық плиталар, ішкі есіктер мен жылу оқшаулағыш материалдар шығаратын жаңа отандық өндірістер іске қосылмақ.

Мәди Бижан, Данияр Омар, Астана

Оқи отырыңыз: Түркістан облысында 22 кен өндірушінің келісімшарты тоқтатылды