Вице-министрдің айтуынша, қолданыстағы Кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жаңа цифрлық платформаның негізіне айналдыру жоспарланып отыр
Қазақстанда бизнестің бірыңғай цифрлық экожүйесін құру аясында әр кәсіпкердің цифрлық профилі қалыптастырылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика вице-министрі Бекболат Молдабеков айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Вице-министрдің айтуынша, қолданыстағы Кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жаңа цифрлық платформаның негізіне айналдыру жоспарланып отыр.
"Жаңа жүйені нөлден құрудың орнына Кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін дамытып, оны бірыңғай цифрлық платформаның өзегіне айналдыру ұсынылады. Бұл платформада мемлекеттік деректер, бизнестің цифрлық профилі, аналитикалық сервистер, жасанды интеллект құралдары және мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну процестері біріктіріледі. Іс жүзінде мемлекет, бизнес және мемлекеттік қолдау операторлары үшін бірыңғай цифрлық экожүйе қалыптасады" — деді вице-министр.
Қазіргі таңда Кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімі кәсіпкерлер туралы мәліметтерді жинау және жүргізу функциясын атқарады. Алайда жүйенің қазіргі мүмкіндіктері заманауи міндеттерді толық шешуге жеткіліксіз.
Атап айтқанда, кәсіпкер туралы ақпарат түрлі мемлекеттік ақпараттық жүйелерде шашыраңқы орналасқан. Соның салдарынан кәсіпкердің бірыңғай цифрлық профилі жоқ, ал салалар мен өңірлер бойынша талдау жүргізу мүмкіндігі шектеулі.
Жаңа платформа Кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін мемлекеттік ақпараттық жүйелермен, қаржы операторларымен және өзге де цифрлық сервистермен біріктіреді. Нәтижесінде әрбір кәсіпкерлік субъектісінің бірыңғай цифрлық профилі жасалады. Онда бизнес туралы негізгі деректер, мемлекеттік қолдау алу тарихы және өзге де ақпараттар жинақталады.
Министрлік мәліметінше, жаңа жүйе тек ақпараттық база ғана емес, мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну, өтінімдерді қабылдау және олардың тиімділігін бағалау алаңына айналады. Сондай-ақ цифрлық карта арқылы кәсіпорындардың қаржылық жағдайын, даму әлеуетін және тәуекел деңгейін ескере отырып, мемлекеттік қолдау шараларын нысаналы түрде ұсыну мүмкіндігі пайда болады.
"Мемлекеттік органдар экономикалық көрсеткіштерді нақты уақыт режимінде бақылап, салық реформалары мен басқа да шешімдердің бизнеске әсерін бағалай алады. Шешімдер жекелеген статистикалық мәліметтерге емес, кешенді аналитика мен объективті деректерге негізделеді. Нәтижесінде бытыраңқы ақпараттық жүйелердің орнына бизнесті қолдаудың бірыңғай цифрлық экожүйесі қалыптасып, мемлекеттік қолдау шараларының ашықтығы мен тиімділігі артады", — деді Бекболат Молдабеков.
Оқи отырыңыз: Алматы Қытай нарығында Орталық Азияның жетекші туристік бағыт ретіндегі орнын нығайтып келеді