Елдегі екінші деңгейлі банктердің бірі Перизат Қайраттан шығынды өтеуді талап етті

23.07.2025 14:43

Қаржы ұйымы «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қорына су тасқынынан зардап шеккендерге жәрдем беру мақсатында 620 миллион теңге аударған

Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты сот отырысы бүгін де жалғасты. Бұл жолы тараптардың жарыссөзі өтіп, жәбірленушілердің өкілдері пікірін білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сотта блогер әрі видеограф Олжас Садық сөз сөйлеп, Перизат Қайратқа барынша қатаң жаза қолдануды сұрады. Ол Газа халқына көмек ретінде жиналған 83 миллион теңгені «Biz Birgemiz Qazaqstan» қорына аударғанын айтты. Блогер сондай-ақ Перизаттың анасы Ғайни Алашбаеваның жазасын жеңілдетіп, үйқамақта ұстауға болатынын айтты.

 «Перизат Қайраттың тәжірибесіне және уәделеріне сендім. Көмек шынымен мұқтаж жандарға жетеді деп үміттендім. Мен үшін бұл іс жай ғана қаржы мәселесі емес. Бұл – қоғамдық сенімді жоғалтуға себеп болған, моральдық тұрғыдан ауыр қылмыс. Менің ойымша, Перизат Қайраттың кінәсі толық дәлелденді. Жаза тағайындау мәселесінде прокурордың ұстанымын қолдаймын. Дегенмен Ғайни Алашбаеваға жаным ашиды, оның денсаулығы нашарлаған. Сол себепті, оны үй қамаққа алуға болады деп ойлаймын», – деді жәбірленуші Олжас Садық.

Жәбірленушілердің қатарында болған елдегі екінші деңгейлі банктердің бірі Перизат Қайраттан келтірілген материалдық шығынның бір бөлігін оның мүлкі есебінен өтеуді талап етіп отыр. Бұл туралы сот отырысында банктің бас заңгері Айдар Ксенбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, қаржы ұйымы «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қорына су тасқынынан зардап шеккендерге жәрдем беру мақсатында 620 миллион теңге аударған. Заңгердің сөзінше, айыпталушылардың кінәсі куәгерлердің көрсетулері мен сараптама қорытындылары арқылы толық дәлелденіпті.

«Судьядан Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаевадан бізге келтірілген 620 миллион теңге көлеміндегі материалдық залалды бірлесіп өтеу туралы шешім шығаруды сұраймын. Сонымен қатар азаматтық талапты қамтамасыз ету және залалды өтеу мақсатында тергеу барысында тәркіленген жылжымалы және жылжымайтын мүлікті жәбірленуші тараптың пайдасына материалдық шығынды ішінара өтеу ретінде беруіңізді өтінемін», – деді жәбірленуші компанияның өкілі Айдар Ксенбаев.

Оқи отырыңыз: Ақтөбеде түрме ішіндегі бейнебақылау камерасын сындырған адам, қайта сотталды