Елімізде 1000 ауыл мектебінде күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр

20.06.2025 15:21

Қазақстан бойынша 1000 ауыл мектебінде күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Бұл білім мекемелерінде жиһаздар жаңартылып, кітапхана, асхана және қауіпсіздік жүйесі жаңадан жабдықталмақ. Сонымен қатар химия, физика, биология, робототехника және STEM бағыттары бойынша 1000 заманауи пәндік кабинет сатып алынады. Қолданыстағы мектептерді жаңартудан бөлек, жаңа білім ошақтарын салу ісі де жүзеге асқан. Бұл бағыттағы ауқымды жобалар туралы «Алматы» телеарнасының студия қонағы Оқу-ағарту министрлігі Инфрақұрылымды дамыту департаменті басқармасының басшысы Жайық Мақсұтов айтады.

– Жайық мырза, биыл қанша жаңа мектеп салынады?

«2025–2026 оқу жылында 300 мыңнан астам оқушы орнына есептелген 200-ден астам жаңа мектеп салу жоспарланып отыр. Соның ішінде 206 мың оқушы орнына арналған 112 мектеп «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында пайдалануға беріледі. Жаңа мектептердің жартысына жуығы ауылдарда орналасады. Бұл жобаларды жүзеге асыру қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайтуға, 15 апатты мектеп мәселесін шешуге, үш ауысымды оқытуды және 150 мыңға жуық оқушы орны тапшылығын жоюға мүмкіндік береді».

– Ал қолданыстағы мектептерді жаңғырту бойынша нақты қандай шаруалар атқарылады?

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бірыңғай заманауи мектеп инфрақұрылымы форматына көшу үшін 2029 жылға дейін 1231 мектепті жаңғырту бағдарламасы басталады. Биыл 248 мектеп реновациядан өтеді. Бұл мектептерде шатырлар ауыстырылып, қасбеттер мен терезелер жаңартылады, инженерлік желілерге күрделі жөндеу жүргізіліп, аумақ көгалдандырылып, абаттандырылады. 

 Еске сала кетейік, 2019 жылдан бастап Қазақстанда білім беру саласында ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде 1200 жаңа мектеп ашылып, 1 миллионнан астам оқушы орны қамтамасыз етілді. Бұл шаралар мектептердің шамадан тыс жүктемесін және үш ауысымды оқытуды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік берді. Қазіргі таңда 3000 мектеп бір ауысыммен жұмыс істейді».

Оқи отырыңыз: Келешек мектептері: биыл 112 мектеп пайдалануға беріледі