Елімізде 33 жаңа өнеркәсіптік кәсіпорын іске қосылды

12.01.2026 19:15

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында бой көтерген нысандарға 841 миллиард теңге инвестиция құйылды

Елімізде 33 жаңа өнеркәсіптік кәсіпорын іске қосылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында бой көтерген нысандарға 841 миллиард теңге инвестиция құйылған. Зауыттар еліміздің әр аймағында орналасқан. Олар машина жасау мен металлургиядан бастап химия және жеңіл өнеркәсіпке дейінгі өндірістік бағыттарды қамтиды. Іске қосылған өндірістік нысандардың қатарында Алматыдағы машина жасайтын зауыт бар. 182 миллиард теңге инвестиция тартылған кәсіпорын жылына 120 мың темір тұлпар шығарды. Бүгінде 4 мыңға жуық азамат адал еңбегімен нәпақасын тауып отыр. Ал Қостанай облысында жылына 70 мың автомобиль құрастырылады.

«2025 жылдың қорытындысы бойынша 33 жаңа зауыт іске қосылды, 841 миллиард инвестиция тартылды. 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Бұл зауыттар қара және түсті металлургия салаларында құрылыс материалдарын өңдеу және машина жасау салаларында іске асырылды», – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Мұхаммед Андаков.

Елімізде жаңадан 10 түрлі тауар өндіріле бастаған. Олар ауыр машина жасау, қағаз өңдеу салаларында, автомобиль өндірісінде қолға алынған. Жобалардың басым бөлігі Шымкент, Алматы қалаларында, сондай-ақ Қостанай, Түркістан, Қарағанды, Алматы, Павлодар облыстарында іске асқан.

 «Аталған жобалардың іске асырылуы импорттың азайтылуын, ішкі нарықтағы бәсекелестікті көбейту Қазақстанда өндірілген тауарлардың және экспортты арттыру. Бұл шаралардың бәрі экономикалық оң әсерін береді», – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Мұхаммед Андаков.

Оқи отырыңыз: Алматыда тұрғындарды МӘМС жүйесімен қамтуды кеңейту шаралары талқыланды