Елімізде 36 мыңға жуық адам АИТВ инфекциясымен диспансерлік есепте тұр

19.10.2026 14:09

Науқастардың 30 пайызында CD4 жасушаларының деңгейі 200-ден төмен 

Қазақстанда адам иммун тапшылығы вирусы инфекциясымен өмір сүретін 36 мыңға жуық адам диспансерлік есепте тұр. Ал биыл тоғыз айда 2 мың 492 адам аталмыш дертке шалдыққан, деп хабарлайды Almaty.tv.

Науқастардың 30 пайызында CD4 жасушаларының деңгейі 200-ден төмен болған. Бұл иммунитеттің айтарлықтай төмендегенін көрсетеді. Мұндай мәлімет Алматыда өткен халықаралық конференцияда айтылды. Адам иммун тапшылығы вирусы инфекциясын ерте диагностикалау, емдеудің қолжетімділігін қамтамасыз ету және оған қарсы күрес қызметін дамыту мәселелеріне арналған жиынға Қазақстанның ЖИТС орталықтарының басшылары, Орталық Азия елдерінің мамандары, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен өзге де халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

«АИТВ инфекциясының таралуына жол бермеу үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Инфекцияның 60 пайыздан астамы жыныстық қатынас арқылы жұғады. Сондықтан жастар мен жасөспірімдерге ерекше көңіл бөлу керек. Олар бұл ауру туралы, одан сақтану жолдары жөнінде білуі тиіс», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнәр Сәрсенбаев.

«Анықталған жағдайдың 56 пайызы - аурудың асқынған сатысында жүгінген науқастар. Әсіресе, балалар арасындағы АИТВ инфекциясы – өте өзекті мәселе. Өйткені мұндай жағдайлардың көпшілігінің алдын алуға болады. Балаларда АИТВ өзгеше өтеді. Оның алғашқы белгілеріне салмақтың дұрыс қосылмауы, кандидоз, вирустық инфекциялар мен іш өту жатады. Алайда аналардың көбі мұны қарапайым аурудың белгілері деп қабылдауы мүмкін», – деді Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының директоры Роза Қуанышбекова.

Оқи отырыңыз: Алматыда «Таза аула» экологиялық акциясы өтті

 

 

 

 

Толық көрсету