Елімізде 467 медициналық нысанның құрылысы аяқталды

Жемқорлардан қайтарылған 31 миллиард теңге Ұлттық жобаны жүзеге асыруға бөлінген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Келесі жылы 1 миллионға жуық ауыл халқы алғашқы медициналық көмекке қол жеткізеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Елдімекендерде бой көтеруі тиіс 655 медициналық нысанның 467-сінің құрылысы толық аяқталған. Ал қалған 188 мекеме биыл жыл соңына дейін салынып бітпек. Жоспар уақытылы жүзеге асса, 2026 жылы миллионға тарта ауылдағы ағайынға алғашқы медициналық көмек қолжетімді болады. Сәйкесінше, 143 ақ халатты абзал жан аймаққа аттанады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сай ауылдағы ағайынға медициналық көмекті қолжетімді ететін «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық бағдарламасы екі жылдан бері қолға алынған. Алайда Ұлттық жобаны жүзеге асыруда кей әкімдер селқостық танытып отырған көрінеді. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Абай және Жамбыл облысының басшылары «Дипломмен ауылға» барған дәрігерлерге біржолғы төлемді әлі күнге дейін төлемегенін айтты.

 «2024 жылдан бастап ауылдық жерге жұмысқа келетін аса тапшы мамандық бойынша медицина қызметкерлеріне 100 айлық ең төменгі жалақы, яғни 8,5 миллион теңге мөлшерінде біржолғы ақшалай төлемді көздейтін норма іске асырылуда. Алайда бүгінгі күні төлемдерді төлеу туралы шешімдер кейбір өңірлерде әлі де қабылданбай отыр», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

Премьер-министр Олжас Бектенов те Президенттің тапсырмасына немқұрайлы қарап отырған әкімдерге шүйлікті. Оның айтуынша, ұлттық жоба аясында бой көтеруі тиіс медициналық мекемелердің құрылысы кей облыстарда тым баяу жүріп жатыр. Ал енді бір өңірлерде тіпті жобалық құжаттама да әзірленбепті.

«Жетісу, Ұлытау, Жамбыл, Ақтөбе, Ақмола және Қарағанды облыстарында құрылыс қарқыны тым баяу. Мысалы, Ақтөбе, Жамбыл, Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстарында осы күнге дейін 6 объект бойынша жобалық құжаттама әзірленбеген. Қарағанды, Қостанай, Ақмола, Ұлытау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында 8 жоба бойынша мемлекеттік сараптама дайын емес», – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.

Жемқорлардан қайтарылған 31 миллиард теңге Ұлттық жобаны жүзеге асыруға бөлініпті. Бұл қаражат 145 алғашқы көмек нысаны мен 13 ауданаралық аурухана құрылысына жұмсалған. Бұл – Олжас Бектеновтің айтқан дерегі. Ал еліміздің бас дәрігері Ақмарал Әлназарова бағдарламаға берілген бюджет қаражатын үнемдеуге көшкен сыңайлы. Ол жыл соңына дейін бой көтеретін 188 мекеменің құрылысына бөлінген ақшаның 16,5 миллиард теңгесін жұмсамаған.

«Жобалау кезінде эталондық жобаларды қайта қолдану нәтижесінде 2 миллиард теңге, ал құрылыс жұмыстары кезінде 14,5 миллиард теңге шамасында бюджет қаражаты үнемделді. Нысандардың құрылысы кезінде қолданылған заттардың 71 пайызы жергілікті өнім өндірушілердің үлесіне тиесілі», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

 Министр Ақмарал Әлназарова жоба аясында орындалып жатқан ілкімді істерге де тоқталды. Биыл жылдың соңына дейін ауылды жерлерде тағы 12 көпбейінді орталық аудандық аурухана пайдалануға беріледі. Келесі жылы 14 медициналық мекеме бой көтереді. Сондай-ақ білікті дәрігерлерді ауыл-аймаққа жіберу мәселесі күн тәртібінен түспейді. Өз кезегінде Үкімет басшысы Олжас Бектенов министр мен облыс әкімдеріне тиісті тапсырама жүктеді.

Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, Астана

Оқи отырыңыз: Жедел жәрдем қызметкерлері шақыртуларға видеожетонмен баратын болады

 

Новости партнеров