Аталған ұйымдар Қазақстанда ешқандай өнім шығармайды
Өнеркәсіп министрлігі 600-ден аса компанияны отандық тауар өндірушілердің тізіміне енгізуден бас тартқан. Ведомство басшысы Ерсайын Нағаспаев оларды «жалған өндірушілер» деп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Аталған ұйымдар Қазақстанда ешқандай өнім шығармай, көрші елдерден тауар тасып, мемлекеттен жеңілдік алып келген. Министр биыл 1 қаңтарда іске қосылған реестрге қазір 900-ден астам өндіруші тіркелгенін жеткізді. Олар тоқсан сайын тексерістен өтеді. Компаниялар электрондық қолтаңба арқылы тіркеліп, қажетті құжаттарды, соның ішінде өндірістік қызметі туралы бейне есептерді ұсынуы тиіс. Министрдің айтуынша, бұл жалған өндірушілерді анықтауға мүмкіндік береді.
«Бас тарту себебі әртүрлі. Кейбірі өз өндірісіне қатысы жоқ бейнематериалдар ұсынған. Тіпті мүлде басқа мазмұндағы видео тіркелген жағдайлар болды. Яғни компаниялар қазақстандық өндіруші екенін дәлелдей алмай отыр. Бұл жұмыс оңай емес. Бірақ біз оны «Атамекенмен» бірлесіп жүргізіп жатырмыз. Жұмысты әрі қарай жалғастыра береміз», – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев.
Оқи отырыңыз: Шылымның ішіне пенопласт толтырған: Қостанайда 5 ер адам бас бостандығынан айырылды