Елімізде ең көп сұранысқа ие мамандықтар белгілі болды

Аlmaty.tv / Виталий Фатчев
Аlmaty.tv / Виталий Фатчев

Сәуірде электрондық еңбек биржасындағы белсенділік артты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

2026 жылғы сәуірде Enbek.kz Электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілер 104,7 мың бос жұмыс орнын жариялады, ал жұмыс іздеушілер тарапынан 123,3 мың түйіндеме орналастырылды. Наурыздағы көрсеткішпен салыстырғанда бос жұмыс орындарының саны 2,1%-ға өссе, түйіндеме саны 15,1%-ға артқан, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

 Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, салалық құрылым бойынша кадрларға ең көп сұраныс білім беру саласында тіркелді, яғни 20,2 мың бос жұмыс орны. Сонымен қатар өзге де қызмет түрлерін көрсету саласында – 15,5 мың, ауыл, орман және балық шаруашылығында – 10,7 мың, өңдеу өнеркәсібінде – 9,5 мың, денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету саласында 9,4 мың вакансия жарияланған.

Өңірлер бойынша ең көп бос жұмыс орындары Астана қаласы (8,5 мың), Павлодар облысы (7,2 мың), Алматы қаласы (6,7 мың), Ақмола облысы (6,6 мың) және Қарағанды облысында (6,4 мың) орналастырылды.

Біліктілік деңгейі бойынша сұраныстың көп бөлігі орта білікті мамандарға тиесілі, яғни барлық вакансиялардың шамамен 46%-ы аталған санатқа сай. Жоғары білікті мамандарға сұраныс 27%-ды құраса, төмен білікті кадрлар да вакансиялардың 27%-ын құрайды.

"Жұмыс іздеушілер арасында 35 жасқа дейінгі үміткерлер басым, яғни барлық түйіндеменің 39%-ын құрайды. 35–44 жас аралығындағы үміткерлердің үлесі – 28%, 45–54 жас аралығы – 20%, ал 55 жастан асқандар – 13%. Жынысы бойынша: 53% – әйелдер, 47% – ерлер", - делінген министрлік хабарламасында.

Біліктілік деңгейі бойынша жұмыс күшінің ұсыныс құрылымы жалпы алғанда сұраныс құрылымымен сәйкес келеді: түйіндемелердің 42%-ы орта біліктілік деңгейіндегі мамандарға тиесілі, 31%-ы – жоғары білікті, ал 27%-ы – төмен білікті жұмыс іздеушілер.

Сәуірде ұшқыш мамандығы бірден екі көрсеткіш бойынша көш бастады: жұмыс берушілер шамамен 1,9 млн теңге көлемінде еңбекақы ұсынса, жұмыс іздеушілердің күткен жалақысы 3,9 млн теңгені құрады. Жоғары еңбекақы ұсынылған басқа да вакансиялардың қатарында бағдарламалық қамтамасыз ету сәулетшісі (≈1,7 млн теңге) және жабдықтарды сынау жөніндегі басшы (≈1,6 млн теңге) бар. Ал жоғары жалақы күтетін үміткерлер арасында бортсеріктер (≈2,1 млн теңге) мен жақ-бет хирургі мамандары (≈2 млн теңге) ерекшеленді.

2026 жылдың басынан бері платформада 409 мың бос жұмыс орны және 517,7 мың түйіндеме жарияланған.

Оқи отырыңыз: Президент тапсырмасы: Үкімет екі қаланың жылу желісін жөндеуге 3,9 млрд теңге бөлді

Новости партнеров