Елімізде құрылатын аумақтық қорғаныс күштеріне кімдер қабылданады

05.06.2025 19:52

Қорғаныс құрамына кез келген адамды ала бермейтіні айтылды

Елімізде аумақтық қорғаныс күштері құрылады. Бүгін Сенат депутаттары тиісті заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған құжатқа сай, аумақтық қорғаныс құрамына ерікті азаматтар тартылады. Олар әскерилерге қойылатын талап бойынша қабылданады. Яғни, денсаулығы мығым болуы керек. Одан кейін моральдық-психологиялық жағдайы да ескеріледі және міндетті түрде әскери тәжірибесі болуы шарт.

«Кез келген адамды ала бермейді. Соған байланысты өзінің инструкциясы бар. Кімді қабылдайды, қандай азаматтарды қабылдайды, денсаулығы қандай деген деректер толығымен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ оқудан, тәжірбиеден, дайындықтан өткен азаматтар ғана қабылдайды», - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаев.

Одан бөлек, заңда Қорғаныс министрлігінің аумақтық қорғанысты даярлау мен жүргізу қағидаларын әзірлейтіні жазылған. Яғни, ведомство қорғауға алынатын нысандардың тізімін жасап, аумақтық әскерлерді қару-жарақпен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ құжатта әкімдерге жаңа өкілеттік қарастырылған. Олар аумақтық қорғаныс аумағының бастығы болып тағайындалады.  

«Бұл заң жобасында әкімдерге аумақтық қорғаныс аймағының бастығы міндеті қоса жүктелген. Құжат қабылданғаннан кейін бірқатар заңға тәуелді акті әзірленеді. Соның ішінде Мемлекет басшысының аумақтық қорғаныс жүйесін ұйымдастыру туралы жарлығы әзірленді. Нормативтік құқықтық акт жабық сипатта болады, онда уәкілетті органдардың, Қорғаныс министрлігі мен жергілікті атқарушы органның кімге есеп беретіні мен жауапкершілігіне қатысты барлық мәселе қарастырылады», - деді ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Қамалетдинов.

Оқи отырыңыз: Күштеп әскерге алып кетпес үшін не істеу керек: министр орынбасары жастарға кеңес берді