Елімізде геологиялық барлауға тартылатын инвестиция көлемі жеткіліксіз - Еділ Жаңбыршин

08.10.2025 16:22

Оның айтуынша, мұнай-газ өндірісі Теңіз, Қашаған және Қарашығанаққа тәуелді, ал өзге кен орындары сарқылу кезеңіне таяп келеді

Almaty.tv

Елімізде геологиялық барлауға тартылатын инвестиция көлемі жеткіліксіз. Бұл туралы Мәжілісте тиісті кодекске енгізілетін өзгерістер туралы баяндаған депутат Еділ Жаңбыршин айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның айтуынша, мұнай-газ өндірісі Теңіз, Қашаған және Қарашығанаққа тәуелді, ал өзге кен орындары сарқылу кезеңіне таяп келеді. Сондықтан жаңа мұнай, газ қорларын анықтау – бұл тек энергетикалық емес, ұлттық қауіпсіздік пен экономикалық егемендік мәселесі. Оның дерегінше, 2012 жылға дейін еліміздің болжамды отын қоры 22,7 миллиард тонна болса, кейінгі зерттеулер бұл көрсеткішті 76 миллиард тонна деп көрсеткен. Оның басым бөлігі Каспий маңы, Үстірт-Бозашы, Маңғыстау және Оңтүстік Торғай бассейндерінде орналасса, қалған бөлігі аз зерттелген, бірақ әлеуеті жоғары өлкелерде екен. Оларды жүйелі барлау және игеру жаңа өндірістік орталықтардың қалыптасуына жол ашады деген депутат, салаға тартылатын инвестицияның аздығын алға тартып, қаралып отырған заң жобасының бұл мәселені өзгертетініне сенеді.

«Қазақстанда 1 шаршы шақырым аумаққа барлау жұмыстарына бар болғаны 8 АҚШ доллары жұмсалса, АҚШ-та – 87 доллар, Австралияда – 167 доллар, Канадада 203 доллар бөлінеді. Бұл айырмашылық біздің инвестициялық климаттағы ең әлсіз буынның бірі екенін көрсетеді. Өйткені геологиялық барлау – жоғары тәуекел мен ұзақмерзімді капитал салымын қажет ететін сала. Егер мемлекет пен заңнамалық жүйе инвестордың құқығын кепілдендірмесе, ол жаңа аймаққа қаржы салмайды», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда енді жер сілкінісіне төтеп беретін ғимараттар салынады