Елімізде кәсіпкерлерді қолдау үшін берілетін несие көлемі артты

Сарапшылардың сөзінше, банктер тәуекелі төмен компанияларға басымдық береді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде кәсіпкерлерді қолдау үшін берілетін несие көлемі артқан. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, шағын және орта бизнеске бөлінетін қаражат 10,9 пайызға өсіп, 7,4 триллион теңгеге жеткен. Ал ірі бизнеске қарастырылған несие керісінше, 13 пайызға төмендепті. Десе де, бұл өсім барлық кәсіпкерлерге бірдей әсер етпеген. Сарапшылардың сөзінше, банктер тәуекелі төмен компанияларға басымдық береді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Анар Әділбекова 5 жылдан бері аспашам сатумен айналысады. Сауда орталықтарының бірінен орын жалға алып, кәсібін жүргізіп отырған жанның бірі. Ол саудасын одан әрі дамытқысы келген, ол үшін банкке де барып, несие алуға өтініш беріпті. Алайда қарыз алу үшін пайыз тым жоғары болғанын айтады. Мұнымен қоса, құжат жинау, кепіл қою сынды мәселелерге тап болған.

«Пайызы өте жоғары. Оны алып алып, кредит төлейміз бе, әлде тауар айналымды ойлаймыз ба? Халыққа барынша қызмет көрсетіп, кішкене шағын бизнеске қолдау көрсеткенін қалаймыз. Халыққа да и ассортимент жағына да көбірек көңіл бөлсек», кәсіпкер Анар Әділбекова.

Шағын кәсіпкердің уәжімен экономист Мақсат Халық та келіседі. Сарапшының сөзінше, банктер көбіне ірі компанияларға несие қарастырады. Осылайша, шағын және орта бизнес өкілдері көлеңкеде қалып қояды. Яғни, банктер тәуекелі жоғары кәсіпке ақша беру тиімсіз деп санайды. Алайда жағдай бұлай жалғаса берсе, отандық кәсіпкерлердің дамуы тежеліп, экономикаға кері әсер етуі мүмкін.

«Негізінен, мемлекеттік қолдаулар ірі кәсіпорындарға беріліп қояды да, ал, шағын компаниялар керісінше, сол ірі компаниялардың жасалған демпингтік баға саясатының астында қалып қойып жатыр. Тиісінше, олар бәсекеге қабілеттікке түсе алмай, көбісі банкроттық жағдайға тап болып жатқандары бар. Сондықтан мен ойлаймын, нарықта әділ бәсеке орнатылуы керек. «Даму» қоры, «Бәйтерек» арқылы болсын бөлініп жатқан қаражат шектеулі кәсіпкерлерге ғана жетеді», - деді экономист Мақсат Халық.

Айта кету керек, былтыр ірі кәсіпкерлікке берілген несие көлемі 31 пайызға көбейсе, биыл бұл сан 13 пайызға кеміген. Ал шағын және орта бизнеске қарастырылған несие небәрі 10,9 процентке артқан. Сондықтан сарапшылар отандық кәсіпкерлерді қолдауға арналған бағдарламаларды көбейтіп, қарыз пайызын азайтуды ұсынады.

Диана Тұрлыбек, Жақсылық Тілепберген

Оқи отырыңыз: Қазақстанда азаматтардың банк шоттары неге бұғатталып жатыр

Новости партнеров