Елімізде қай қалаларда темір жол бекеті жаңартылды

26.11.2024 21:13

Келесі жылы жолаушыларды тасымалдайтын 220-дан аса вагон сатып алынбақ

Қазақстанда 59 теміржол вокзалының 54-і жөндеуді қажет етеді. Қазір Қызылорда, Шымкент, Павлодар және Түркістан қалаларындағы бекеттер жаңартылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Көлік министрі Марат Қарабаев елдегі вокзалдардың іргесі сөгіліп, қабырғасы құлағалы тұрғанын айтты. «Халыққа ыңғайлы болу үшін бұл ғимараттарда жөндеу жұмыстарын жүргізу керек» деген ведомство басшысы қазір техникалық құжаттарды дайындап жатыр. Келесі жылы жолаушыларды тасымалдайтын 220-дан аса вагон сатып алынбақ. Олардың санын 2029 жылға қарай 1 мың 200-ден асыру жоспарланған. Министрге "теміржол вокзалдарын жөндеуден өткізіп, жаңа вагондарды сатып алғаннан кейін пойыз билеті қымбаттамай ма?" деген сауал қойылды.

"1 қазаннан бастап жолаушылар үшін пойыз бағасы қымбаттады. Алдағы уақытты билет құнын өсіру жоспарда жоқ. Алдағы мерекелерде, одан кейін де баға тұрақты болады", – деді ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев

Марат Қарабаевтан кейін мінберге "Қазақстан темір жолы" компаниясының басқарма Төрағасы Нұрлан Сауранбаев шықты. Жолаушыларды тасымалдауда атқарылып жатқан шаруаларды жіпке тізіп, саладағы жетістіктерді айтты. Алайда Премьер-министр Олжас Бектенов жолаушылардан пойыздардың жиі кешігетіні туралы шағым көп түсетінін жеткізді. Нұрлан Сауранбаев мәселені түсіндіргендей болып, кешірім сұрап құтылды. 

"Компанияда мәселе ерекше бақылауда тұр. Соңғы жылдары жол жөндеу жұмыстарын 2 есе көбейттік. Жолаушылардан кешірім сұраймыз әрі жағдайға түсінікпен қарауды өтінеміз", – деді «Қазақстан темір жолы» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев.

Қазақстанда жаңадан 3 әуежай салынады. Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысында айтты. Қазір нысандардың жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр.

Еске салайын, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында Қатонқарағай мен Кендірліге әуе қатынасын реттеуді тапсырған.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, Астана

Оқи отырыңыз: Президент министрге спорт және туризм салаларын жетілдіру жөнінде нақты міндет жүктеді