Елімізде картоп бағасы қай қалада арзан

29.03.2026 12:39

Қазақстан, соның ішінде посткеңестік елдер картопты жиі тұтынады

Аlmaty.tv

Қазақстандықтар «екінші нан» атап кеткен картоп құны еліміздің өңірлерінде әртүрлі, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Kazinform-ға сілтеме жасап.

Қазақстан, соның ішінде посткеңестік елдер картопты жиі тұтынады. Күнделікті тағамға қосады, мереке күндері де түрлі салат пен асқа араластырып, дастарханға қояды.

Картопты қайнатуға, қуыруға, бұқтыруға, түрлі сорпа мен салатқа қосуға болады. Ет, көкөніс пен сүт өнімдері және түрлі дәмдеуішпен жақсы үйлеседі.

Картопты жиі тұтынуымыздың тағы бір себебі — қолжетімділігі. Баға құбылып тұрған кезде картоп сатып алу қалтаға көп салмақ салмайды әрі отбасы үшін тойымды ас.

Картоп бағасына әсер ететін бірнеше фактор бар. Олар: өзіндік құны, сақтау шығыны мен логистика, делдалдардың үстемеақысы. Былтыр күзде жиналған картопқа қарағанда биылғы өнім бағасы жоғары болады. Базар мен супермаркеттегі картоп құнына қарағанда әлеуметтік сақтандыру қорындағы көкөніс бағасы тіпті арзан.

Бағаны салыстыру кезінде Қазақстан қалаларында картоптың орташа құны келісіне 200-300 теңге екенін білдік.

Еліміз бойынша картоп бағасы Петропавл қаласында арзан. Мұнда келісі 115 теңге. Ал Шымкентте 150 теңге, Түркістанда 165 теңге. Бұл қалаларда сұрпына қарай келісі 360 теңге, кейде 420 теңгеге де сатылады.

Орташа баға Семей мен Өскемен (келісі 200 тг басталады), Астана (келісі 207 тг басталады), Қостанай (келісі 212 тг), Көкшетауда (келісі 215 тг), сонымен бірге Тараз (келісі 230 тг) және Қарағанды (келісі 235 тг) қалаларында тіркелді. Ал Павлодар мен Жезқазғанда баға сәл жоғары. Келісі 250 теңгеден басталады. Ақтөбеде келісі 265 тг, Алматыда 289 теңге, Оралда 290 теңге, ал Талдықорғанда 293 теңге.

Картоп бағасы Қызылорда қаласында қымбат. Келісі 300 теңгеден басталады. Ал ақтаулықтар келісін кем дегенде 340 теңгеге сатып алып жүр.

Оқи отырыңыз: Көзді ультракүлгін сәуледен қорғаудың тиімді жолы қандай