Пилоттық режимде жұмыс істей бастаған жүйеде ваучер балаға беріледі
Елімізде спорт, өнер және қосымша білім беру бағыттары бойынша бірыңғай ваучер жүйесінің пилоттық жобасы іске қосылды. Ең басты жаңалық – ваучер енді ұйымға емес, балаға бекітіледі. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова хабарлады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Ведомство өкілінің айтуынша, бұл жоба баланың қалаған үйірмесін таңдауға мүмкіндік береді. Егер үйірме оның қызығушылығына сай келмесе, құжат жинамай-ақ басқа ұйымға ауыса алады. Сондай-ақ қызмет құнын мемлекет тек нақты қатысқан сабақтар үшін төлейтін болады. Ал баланың сабаққа қатысқаны цифрлық жүйеде тіркеліп, ата-ана төлемді өзі таңдаған ұйымға тікелей жібереді.
«Айта кететін болсақ, кезектің ашық болмауы, өтінімдердің қайталануы, ұйымдардың тізімі шектеулі болуы, кейбір жерде көрсетілетін қызметтер сапасына бақылау болмауы сынды мәселелерге қатысты ата-аналардан жиі шағымдар түсіп жатады. Осы аталған мәселелерді жүйелі түрде ұйымдастыру үшін қосымша білім беру саласында ваучерлік қаржыландыруды енгізу туралы шешім қабылданды. Бұл жүйеде әр балаға бір үйірмені немесе секцияға тегін қатысуға мүмкіндік беретін электронды ваучерлар ұсынылады», - деді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова.
Жаңа ваучерлік жүйе арқылы балалар 12 санат бойынша кезекке қойылады. Оған әлеуметтік осал топтағы және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар да кіреді. Сонымен қатар енді кезек қайта құрылмайды, тек алға жылжиды.
Вице-министр Майра Мелдебекованың айтуынша, жоба барысында барлық ұсыныс-ескерту жиналып, қажет жағдайда жүйеге өзгерістер енгізілмек.
Айта кетейік, пилоттық жоба әзірге Астана, Шымкент, Қарағанды, Атырау, Ақтөбе және Қызылорда қалаларында жүзеге асады.
«Пилоттық жоба тәжірибелік-эксперименталды сипатта екенін айтып өтеміз. Әрбір пилоттық өңірде алгоритмді жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін жұмысшы топ құрылды. Апробация кезеңінде мемлекеттік органдар мен жеткізушілердің барлық ұсыныс-пікірі қаралып, қажет болған жағдайда алгоритмге өзгерістер енгізілетін болады. Жаңа модельді енгізу ата-аналар ауымдастығымен, кәсіпкерлермен және педагогтармен бірлесіп жүргізілетін болады», - деді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова.
Оқи отырыңыз: Қайтарылған активтер: Алматыда бірнеше бизнес-орталық білім беру нысандарына айналды