Қайтарылған активтер: Алматыда бірнеше бизнес-орталық білім беру нысандарына айналды

Қазақстан жемқорлыққа қарсы күресте ТМД елдері ішінде көш бастады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан ТМД елдері ішінен жемқорлықпен күрес халықаралық рейтингінде үздіктер қатарында. 2016 жылдан бері 11 сатыға көтеріліп, Ресей, Беларусь, Украинаны басып озды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес тек қылмысты анықтаумен шектелмейді. Қазір әлеуметтік дамуға ықпал ету басты бағыттардың бірі болып отыр. Соның аясында заңсыз шығарылған активтерді мемлекет меншігіне қайтару ісі күшейтілген. 2022 жылдан бері ел қазынасына 1 триллион теңгеден астам қаражат қайтарылыпты.

Бүгінде қайтарылған активтердің қатарында бизнес-орталықтар, әкімшілік ғимараттар, тұрғын үйлер, пәтерлер, жер телімдері, қымбат автокөліктер мен қомақты қаражат бар. Оның бір бөлігі ғылыми және білім беру мекемелерінің иелігіне берілген.

«Алматы қаласы бойынша ірі төрт ғимарат мемлекетке қайтарылып, оның үшеуі жоғары оқу орындарына және біреуі жергілікті білім басқармасына берілді. Бұл жұмыс ары қарай жалғасын табады», - деді Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті превенция басқармасының басшысы Қанат Сәлімбаев.

2023 жылы аумағы 12,5 гектар болатын тағы бір нысан балалар лагеріне берілді. Онда орналасқан 8 ғимарат толықтай білім беру ісіне пайдаланылады. Ал бұрын бизнес-орталығы болған 7,5 мың шаршы метр ғимарат бүгінде География институтының меншігіне берілген екен.

«Бүкіл Алматы қаласының мектеп оқушыларын қамтитын боламыз. Одан кейін жыл бойына қазіргі жоспар бойынша 55 мың баланы қамтимыз деп отырмыз», - деді «Алматы дарыны» орталығы директорының орынбасары Майра Белгібаева.

Ал қайтарылған тағы 2 нысан - бизнес-орталығы мен әкімшілік ғимарат бүгінде Ұлттық өнер академиясы мен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің қолданысына берілді. Осылайша, бұған дейін заңсыз айналымда болған активтер енді қоғам мен ғылымның дамуына ықпал етпек.

Олжас Омарбек, Маржан Манапова, Думан Дәулетбақұлы, "Алматы" телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда Желтоқсан көшесінің бір бөлігі уақытша жөндеуге жабылады

Новости партнеров