Елімізде мұнай-газ химиясы өз алдына жеке сала болып қалыптасқан жоқ - Мемлекет басшысы

10.02.2026 15:13

Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты

Ақорда

Елімізде мұнай-газ химиясы өз алдына жеке сала болып қалыптасқан жоқ. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

"Қажетті жағдай болса да, осы кезге дейін елімізде мұнай-газ химиясы өз алдына жеке сала болып қалыптасқан жоқ. Менің тапсырмаммен полиэтилен, бутадиен, карбамид және басқа да өнімдер шығарып, осы саланы жаңа деңгейге көтеретін бірқатар жобалар іске қосылды. Үкімет бұл жобаларды уақтылы аяқтауға тиіс. Осындай мұнай-газ химиясы саласындағы ірі жобаларды іске асыру арқылы еліміздің негізгі химия өнімдеріне (полиэтилен, полипропилен) деген сұранысын өтейміз", - деді Президент.

Мемлекет басшысы өзімізде шығарылатын полимерді барынша өңдеу ісі жолға қойылмағанын айтты.

"Бұл материалдан автобөлшектер, тамшылап суаруға қажетті құралдар, медициналық жабдықтар, ыдыс-аяқ және басқа да көптеген өнім шығаруға болады. Бұл орайда шағын және орта бизнеске қолдау көрсету керек. Соның ішінде лизингпен құрал-жабдық, жеңілдікпен несие беру қажет. Бұл қадам азық-түліктен өзге өнімдердің бағасын төмендетуге зор мүмкіндік береді", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оқи отырыңыз: Былтыр банктер «шыбық басын сындырмай» 3 триллион теңгеге жуық табыс тапты - Мемлекет басшысы