Елімізде некеге тұруға мәжбүрлегені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі

28.05.2025 16:11

Енді мәжбүрлі неке үшін жаза қатаңдайды

Аlmaty.tv

Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша түзетулерді қарау барысында депутаттар Қылмыстық кодексті «Неке қиюға мәжбүрлеу» деген жаңа 125-1 баппен толықтыруды ұсынды, деп хабарлайды Аlmaty.tv ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметіне  сілтеме жасап.

Енді мәжбүрлі неке үшін айыппұл, түзеу жұмыстары, бас бостандығын шектеу және екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.

«Егер бұл әрекет кәмелетке толмаған адамға жасалса, адамдар тобының күш қолдануы немесе қызметтік бабын асыра пайдаланумен байланысты болса, онда бас бостандығынан айыру мерзімі үш жылдан жеті жылға дейін ұзарады. Ал ауыр зардаптар орын алса, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар Үкіметтің ұсынысы бойынша адамды ұрлаған тұлға оны өз еркімен босатса да, оның әрекетінде басқа қылмыс құрамы болмаса да, қылмыстық жауапкершіліктен босатылмайды.

Оқи отырыңыз: Қазақстандық банктен ірі көлемде ақша ұрлаған ер адам Ресейде ұсталды