Елімізде су саласын дамытуға 12 млн доллардан астам грант тартылды

16.05.2025 14:12

Грант қаражаты су шаруашылығының түрлі салаларында ірі жобаларды әзірлеуге жұмсалады

Аlmaty.tv

Су ресурстары және ирригация министрлігі су саласын дамытуға 12 млн доллардан астам грант тартты, деп хабарлайды Аlmaty.tv министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мысалы, Францияның даму агенттігі Балқаш көлін сақтап қалуға арналған мастер-жоспарды дайындауға 1,35 млн еуро көлемінде грант бөлді. Ал «Қазақмыс» корпорациясы Балқаш көлінің экожүйесін қорғау үшін 5 млн доллар бөледі.

Жапония Үкіметімен бөгеттерді кешенді басқару арқылы Қазақстандағы су тасқынына қарсы күрес шараларын жақсарту үшін шамамен 2 млн АҚШ долларын беру туралы келісім бар.

Ислам даму банкі «Қазсушар» РМК-ны техникалық жабдықтауға, Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының су және өзен бассейндерінің мәселелерін зерттеу мен бағалауына, сондай-ақ Су ресурстарының Ақпараттық-талдау орталығы үшін ерте әрекет ету жүйелерін енгізуді бағалауға 3,5 млн доллар бөледі.

«Грант қаражаты су шаруашылығының түрлі салаларында ірі жобаларды әзірлеуге жұмсалады. Сонымен қатар шетелдік серіктестер мен халықаралық қаржы ұйымдары да сапалы талдау мен сараптаманы жиі ұсынады. Гранттардан бөлек, инвестиция тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгінде бірқатар ірі қазақстандық және халықаралық компаниямен келісімдер бар», – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.

Оқи отырыңыз: Алматыда Ерменсай тұрғындарын сумен қамтамасыз ету үшін су жинағыш салынады